Жаңалықтар

"QazaqSut" көрмесі және халықаралық форум: Өскеменге жиырма елдің мамандары жиналды

"QazaqSut" көрмесі және халықаралық форум: Өскеменге жиырма елдің мамандары жиналды

Бүгін Өскемен қаласы ауыл шаруашылығы мамандарының үлкен ордасына айналды. Шаһарда "PRO Молоко’26", "PRO Мясо’26" халықаралық аграрлық форумдары мен "QazaqSut" көрмесінің шымылдығы түрілді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы алаңдарының бірі саналады. Жыл сайын мұнда жиырмаға жуық мемлекеттен мың жарымнан астам делегат бас қосады. Биылғы салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты. Жиынға бірнеше мемлекеттің елшілері мен аграрлық сала өкілдері арнайы келген.

Аймақ басшысы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған еңбеккерлердің жұмысын жоғары бағалады. Ол облыстың тұрақты дамуына үлес қосып жатқан мамандарға ерекше ризашылығын жеткізді. Жаңа бастамалар мен нәтижелі кездесулерге толы бұл басқосу агроөнеркәсіп кешеніне тың серпін беретіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сүтті терең өңдеуді ұлттық басымдықтардың қатарына қосқан болатын. Шығыс өңірінде бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік бар.

Өткен жылы облыста 260 мың тоннадан астам шикі сүт өндіріліп, көрсеткіш тоғыз пайызға өсті. Қазір аймақта он үш сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олар жылына 207 мың тоннадан астам шикізатты өңдеуге қауқарлы. Бүгінде саладағы өндіріс көлемі шамамен он пайызға артып отыр. Шығарылатын өнім түрлері жүз елуден асады.

Осындай жетістіктерді ескере келе әкім форум қорытындысы бойынша ортақ қарар қабылдауды ұсынды. Бұл құжат 2030 жылға дейін сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналады. Қарар ішіне озық технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және өңдеу саласын жаңғырту сияқты нақты бастамалар кіруі тиіс.

Маусымның он сегізі мен он тоғызы күндеріне жоспарланған іскерлік бағдарлама өте ауқымды. Мамандар мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Күн тәртібінде селекция, жем-шөп өндіру, экспорт пен заманауи агротехнологияларды енгізу тақырыптары бар.

Бұдан бөлек инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, агротуризмді дамыту және халықаралық байланыстарды кеңейту ісіне баса назар аударылады. Бағдарлама аясында пленарлық әрі тақырыптық сессиялар, дөңгелек үстелдер мен B2B форматындағы келіссөздер өтеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің арнайы көрмесі мен инвестициялық кездесулер де ұйымдастырылмақ.

Барлық жаңалық