Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, соңғы екі жылда 2022-2023 жылдары тек білім саласында тіркелген заңбұзушылықтардан мемлекетке 17 миллиард теңге залал келген. Бұл — ел қазынасына елеулі соққы болып отырған көрсеткіш деп хабарлайды ozgeris.info сайты Qaz365.kz сайтына сілтемемен.
«Білім саласындағы жемқорлық деректері ерекше алаңдатады. Мәселен, Талдықорған қаласында бірнеше мектеп директоры, бөлім меңгерушісі мен бас есепшілердің қатысуымен ұйымдасқан топ 4 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған. Тергеу кезінде күдіктілердің бірінің көлігінен шамамен 1 миллиард теңге табылды. Мұндай жағдайлар еліміздің басқа өңірлерінде де анықталып жатыр», — деді Сарқұлов.
Агенттік өкілі білім жүйесіндегі бұл былықтарға тосқауыл қою үшін жаппай цифрландыру тетіктері енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары барлық процестер автоматтандырылып, қаржылық операциялар ашық бақылауда болады.
«Бүгінде агенттік тиісті министрлік пен өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, саладағы жүйелі проблемаларды анықтап, алдын алу шараларын күшейтуде. Мақсат — әр тиынның қайда жұмсалатынын қоғам көріп отыратын ашық жүйе қалыптастыру», — деді Ұлан Сарқұлов.