Қазақстан Ішкі істер министрлігі Стамбұлда қаза тапқан кәсіпкер Ариф Исмаиловтың өліміне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузия полициясының бірлескен жұмысының нәтижесінде кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен екі орындаушы ұсталған.
Тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі де анықталған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары ұйымдастырушы мен тапсырыс берушінің жеке басын анықтаған. Министрліктің мәліметінше, олар трансұлттық қылмыстық ортаның өкілдері болып табылады және халықаралық іздеуде жүр.
ІІМ мәліметінше, Исмаиловтың өлімі бойынша жиналған деректер Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан аумағында осы қылмыстық топ жасаған басқа да ауыр қылмыстардың бетін ашуға мүмкіндік берген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты АҚШ-та журналист әйелге жасалған қастандық үшін жазасын өтеп жатқан криминалдық беделді тұлға басқарған.
Алматыда осы топтың болжамды киллерлерінің бірі ұсталды. Ол 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген. Күдіктіден қылмыс кезінде қолданылған тапанша тәркіленген. Бұл эпизод бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.
Сонымен қатар Қазақстанның ІІМ Грузия және Түркиядағы әріптестерімен бірлесіп үш мемлекеттің аумағында кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізген.
Арнайы операция барысында Алматыда аталған қылмыстық құрылымға қатысы бар деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Олар бірнеше қарулы шабуылға қатысы бар деп күдіктеліп отыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл қылмыстардың мақсаты – қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспора өкілдерінің бизнесіне ықпал орнату болған.
Грузия аумағында да трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдар қолға түсті.
«Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдер жиналып жатыр. Қатысы бар барлық тұлғалар анықталуда. Сондай-ақ топтың ұйымдастырушысын заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Қуандық Алпыс.
Ариф Исмаилов 1989 жылы Алматыда дүниеге келген кәсіпкер болған. Ол 15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалымен айналысатын көлік-логистикалық компанияны басқарған. Стамбұлға бірнеше күндік жұмыс сапарымен барған.
Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Оның отбасы – үшінші буыннан бері Қазақстан азаматтығын алған күрд ұлтының өкілдері.
Кісі өлтіруден кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қылмыс кәсіпкердің қарыздарына байланысты болуы мүмкін деген түрлі болжамдар тараған еді. Алайда марқұмның туыстары бұл ақпаратты жоққа шығарып, Исмаиловтың бизнесі заңды түрде жүргізілгенін мәлімдеген.
Туыстарының айтуынша, қылмысқа Грузия азаматтары болуы мүмкін үш адам қатысқан. Олар Түркия мен Болгария шекарасында ұсталған. Іздестіру операциясына полиция, жандармерия және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған.
Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізіліп, жерлеу рәсімі 1 сәуірде өткен.