Қазақстанда темекі бағасы алдағы жылдары айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Бұл өзгеріс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсыныстары мен зиянды өнімдерге салынатын салық саясатына тікелей байланысты, деп жазады Ozgeris.info.
ДДҰ «3-тен 35-ке дейін» деп аталатын бастамасы аясында темекі, алкоголь және қантты сусындар секілді зиянды өнімдердің бағасын кемінде 50%-ға көтеруді ұсынды. Бұл бастама жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, онкологиялық аурулар сынды созылмалы дерттермен күресуге бағытталған. Қазіргі таңда мұндай аурулар бүкіл әлемдегі өлім-жітімнің 75%-дан астамына себеп болып отыр. Ұйымның есебінше, бұл шара алдағы 50 жылда 50 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қазір елімізде бір қаптама темекінің орташа бағасы 1000-1100 теңге шамасында. Алайда акциз салығының кезең-кезеңімен өсуіне байланысты бұл бағаның 2000 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал. 2025 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында темекінің бөлшек саудадағы ең төменгі бағасы 920 теңге болып бекітілді. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 970 теңгеге дейін өседі.