Қазақстанда жаңа Конституцияның құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арасындағы кездесу барысында белгілі болды деп жазды ozgeris.info сайты.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда білім беру мазмұнын жаңарту бойынша бірқатар бастама іске асырылып жатыр. Соның ішінде оқулықтар мен оқу бағдарламаларына жаңа Конституцияның негізгі құндылықтарын енгізуге ерекше назар аударылуда.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарты әзірленіп жатыр. Ал мектептерде бірыңғай тәрбие бағдарламасы — «Адал азамат» жобасы кезең-кезеңімен енгізілуде.
Бастауыш білім мазмұнына жүйелі талдау жүргізіліп, оқу бағдарламалары қайта қаралуда. Бұл ретте оқушылардың оқу, жазу және есептеу дағдыларын дамытуға басымдық беріліп отыр.
Ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектептің құрылысы аяқталып, нәтижесінде 460 мың оқушыға арналған орын қамтамасыз етілген.
Цифрландыру бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасына 6 760 мектеп қатысып жатыр. Сонымен қатар дипломдар, аттестаттар мен түрлі анықтамалар цифрлық форматқа көшірілген.
«Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестациялау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Алдағы уақытта тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ИИ-көмекшілерді пайдалануды меңгереді.
Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 184 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, 80 үш ауысымды және 31 апатты мектеп мәселесі шешілген. Сонымен қатар 209 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Балабақша кезегі де айтарлықтай қысқарған.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін дамыту және цифрлық трансформацияны жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар «Qazaq Digital Mektebi» жобасын тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Президент алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізу қажеттігін ерекше атап өтті.