Қоғам

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібі өзгереді

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібі өзгереді

Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Жаңа тәртіп артық рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды Ozgeris.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексерту қажет болмайды. Өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжатты ұсыну жеткілікті.

Жүргізуші куәлігін алу емтихандарына да бірқатар өзгеріс енгізіледі. Егер үміткер емтиханды бірінші рет тапсыра алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші рет те сәтсіз болса, келесі әрекетке дайындалу үшін 10 күн беріледі.

Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, сол емтиханды қайта тапсыру ақылы болады. Министрлік бұл талап үміткерлердің емтиханға мұқият дайындалуы үшін енгізіліп отырғанын түсіндірді.

Сондай-ақ теориялық емтиханнан өтіп, практикалық сынақтан сүрінген үміткердің теориядан алған нәтижесі сақталады.

Ал шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін теориялық емтихан тапсыру қажет болады. Сонымен қатар Қазақстанның уәкілетті органы куәлікті берген елге ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы растағаннан кейін ғана жүргізуші куәлігі ауыстырылады. Бұл талап жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеуге бағытталған.

Барлық жаңалық