Қазақстанда жұмыс іздеу жүйесі біртіндеп жаңа форматқа көшіп жатыр. Еңбек саласында іске қосылған «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы азаматтарға тек бос жұмыс орындарын көрсетіп қана қоймай, олардың жеке тәжірибесі мен қабілетіне қарай нақты бағыт ұсынуды көздейді. Қазір жоба Павлодар облысында сынақтан өтіп жатыр. Қыркүйекте Маңғыстау облысында іске қосылып, жыл соңына дейін бүкіл елге енгізу жоспарланған, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Жүйенің ерекшелігі – жасанды интеллект адамның еңбек нарығындағы «цифрлық кеңесшісіне» айналады. Азамат Enbek.kz порталына кіріп, өзінің карьерлік профилін қалыптастырады. ЖИ оның білімі, еңбек өтілі, дағдылары мен жұмысқа қатысты қалауын талдап, сәйкес вакансияларды ұсынады. Сонымен бірге қажет болса, қайта даярлау немесе біліктілікті арттыру курстарына бағыттайды.
Бұл жерде маңызды өзгеріс бар. Бұрын азамат «маған қандай жұмыс бар?» деп өзі іздейтін. Енді жүйе «сіздің тәжірибеңіз бен қабілетіңізге қандай жұмыс сәйкес келеді?» деген принциппен жұмыс істеуге тырысады.
Жоба өкілі Алексей Бойковтың айтуынша, ЖИ-агент тек диалог жүргізіп қоймай, жұмыс қажет болуы мүмкін азаматтарды анықтап, олардың профиліне сәйкес ұсыныстар бере алады. Яғни жүйе пассивті іздеу құралынан белсенді еңбек нарығы навигаторына айналмақ.
Алайда мұндай жүйенің тиімділігі бір ғана технологияға емес, деректердің сапасына байланысты. Азамат өз профиліне неғұрлым толық ақпарат енгізсе, жасанды интеллекттің ұсынысы соғұрлым нақты болады. Бұл жерде еңбек тәжірибесі, нақты дағдылар мен кәсіби қызығушылықтарды дұрыс көрсету маңызды.
IT маманы Ерназ Охастың пікірінше, мұндай технологиялар жұмыс іздеушілер үшін үлкен мүмкіндік болғанымен, жасанды интеллектке толық тәуелді болуға болмайды.
«Иә, бұл жүйе жұмыс табуға көмектеседі. Бірақ ЖИ-ге сеніп, жұмыссыз отыра беруге болмайды. Жасанды интеллекттің жақсы жақтары өте көп, сондықтан оны тиімді пайдалана білу керек. Адам өзі де ізденіп, білімін жетілдіріп, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін пайдалануы қажет. Ең бастысы, еліміздегі жұмыссыздық мәселесі осындай заманауи технологиялардың көмегімен оңынан шешілсе екен», – дейді Ерназ Охас.
Екінші мәселе – алгоритмнің ұсыныстарына толықтай тәуелді болып қалмау. ЖИ белгілі бір вакансияны ұсынғанымен, соңғы шешімді адамның өзі қабылдауы керек. Себебі еңбек нарығындағы барлық факторды алгоритм бірдей бағалай алмайды.
Дегенмен бұл бастама Қазақстандағы жұмыспен қамту жүйесін цифрландырудың маңызды қадамы болуы мүмкін. Егер жоба дұрыс жұмыс істесе, азаматқа вакансия іздеуге кететін уақыт қысқарып, жұмыс берушілерге қажетті кадрды табу жеңілдейді. Ал мемлекет үшін еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты нақтырақ көруге мүмкіндік пайда болады.
Ең бастысы – жасанды интеллект адамның орнына жұмыс таңдамайды. Ол адамның еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейтетін құралға айналуға тиіс.