Жаңалықтар

Қазақстанда iPhone 18-ге қатысты алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда iPhone 18-ге қатысты алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдау үшін жаңа iPhone 18 смартфонына деген қызығушылықты пайдалана бастаған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қылмыстық қатерлер мен тәуекелдерді болжау орталығы ескертті. Ведомство мәліметінше, алаяқтар негізінен екі түрлі схема қолданады.

Бірінші жағдайда азаматқа Apple компаниясының атынан iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс рәсімделгені туралы жалған хабарлама келеді. Хабарламада тапсырысты болдырмау үшін «қолдау қызметіне» қоңырау шалу ұсынылады. Алайда көрсетілген нөмір алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін.

Қоңырау кезінде алаяқтар тапсырыстан бас тарту сылтауымен азаматтың жеке және банктік деректерін сұрайды немесе белгілі бір әрекеттерді орындауға көндіреді.
Екінші схема бойынша алаяқтар iPhone 18 смартфонын төмен бағамен алдын ала тапсырыс беруді ұсынады. Олар тауарды қысқа мерзімде жеткізуге уәде береді. Хабарламадағы сілтеме пайдаланушыны жалған сайтқа бағыттайды. Онда банк картасының деректері, парольдер және басқа да құпия ақпаратты енгізу сұралады.
Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай схемалардың басты ерекшелігі – адамды асығыс шешім қабылдауға итермелеу. Күтпеген тапсырыс туралы хабарлама алаңдаушылық туғызса, арзан баға туралы ұсыныс азаматты тиімді мүмкіндікті жіберіп алмауға асықтырады.
 
Қалай қорғануға болады?
 
Мамандар күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау шалмауға кеңес береді. Сондай-ақ бөгде адамдарға банк картасының PIN және CVV кодтарын, парольдерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын беруге болмайды.

Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша телефонға қосымша орнату немесе құрылғыға қашықтан қол жеткізуге рұқсат беру де қауіпті. Тауарға тапсырыс туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы өз бетінше тексерген жөн. Ол үшін хабарламадағы сілтемені пайдаланбай, ресми ресурсты браузерден немесе қосымшадан тікелей ашу қажет. Егер азамат банк картасының деректерін алаяқтарға беріп қойса немесе шотынан күмәнді ақша шешілгенін байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттауы керек. Сонымен қатар полицияға жүгіну қажет.

Осыған қатысты үнемі жаңа iPhone сатып алатын астаналық тұрғын Сәуле Тәжібай да алаяқтардан сақ болу керектігін айтады.

«Жақында ғана жаңа iPhone-ды қай жерден алсам болады деп ойланып жүрген едім. Енді міне, осындай жаңалық шығып отыр. Сондықтан смартфон алуға асықпаймын. Ресми дүкендерден сатып алған дұрыс деп ойлаймын. Себебі алаяқтардың құрбаны болудан қорқамын», – дейді Сәуле Тәжібай.

iPhone 18 бағасы

Қазақстан нарығында iPhone 18 Pro моделінің бағасы жады көлеміне қарай белгіленген. Атап айтқанда, 256 GB нұсқасы – 849 990 теңге, 512 GB – 993 990 теңге, 1 TB – 1 275 990 теңге, ал 2 TB нұсқасы 1 698 990 теңге тұрады.

iPhone 18 Pro Max бағасы бұдан жоғары. Оның құны жады көлеміне қарай өзгереді. Бас прокуратура азаматтарды жаңа смартфонға қатысты кез келген күмәнді ұсынысты мұқият тексеріп, жеке және банктік деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Барлық жаңалық