Жаңалықтар

Қазақстанда 4 мың шақырымнан астам республикалық жол жөнделіп жатыр

Қазақстанда 4 мың шақырымнан астам республикалық жол жөнделіп жатыр

Қазақстанда республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының 10 мың шақырым жолды жөндеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясындағы жұмыстар,деп хабарлайды Ozgeris.info. 

2026 жылдың соңына дейін 2 мың шақырымнан астам жолда орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау және күрделі жөндеуден өткен 97 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Қазір жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырымнан асатын 124 учаскеде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында 1,2 мың шақырымнан астам жолдың негізі дайындалып, 1,8 мың шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты, 2,2 мың шақырымға жоғарғы қабаты төселді.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 343 шақырым болатын автомобиль жолдарындағы 60 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір 29 нысанда жұмыс жалғасып, екі нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы сегіз нысандағы жалпы ұзындығы 97 шақырым жолды жөндеп, пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдарды жаңғыртуға арналған жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Жұмыстар жол сапасын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және өңірлер арасындағы көлік қатынасын дамытуға бағытталған.

Жол жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуына, сондай-ақ тиісті технологиялардың сақталуына назар аударылып отыр.

Барлық жаңалық