Нью-Йорк полициясы жексенбі күні Бруклин көпірінен жалаңаш секіріп, аман қалған ер адамның аты-жөнін анықтады. Ол 44 жастағы Қазақстан тумасы Ғалымжан Абайылдаев болып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
The New York Post басылымның мәліметінше, куәгерлер ер адамның Манхэттен тарапынан көпірдің солтүстік мұнарасына көтеріліп бара жатқанын видеоға түсіріп алған. Кейін ол киімін шешіп, шамамен 85 метр биіктіктен (Бруклин көпірі мұнарасының биіктігі) өзенге секірген. Видеода адамдардың шошына айқайлаған дауыстары естіледі. Абайылдаевтың өзі басының үстінде киім немесе сөмке ұстап, оны қолдан жасалған парашют ретінде пайдалануға тырысқандай көрінеді.
Секірер алдында ол көпірге бірнеше ту, соның ішінде Қазақстан туын іліп кеткен.
Суға құлағаннан кейін Нью-Йорк су полициясының қызметкерлері Абайылдаевты жедел түрде судан шығарып, ауруханаға жеткізді. Үлкен биіктіктен құлағанына қарамастан, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Абайылдаевтың пәтерлесі Джош Карадаг басылымға оның саясатқа қызығушылық танытып, Қазақстандағы жағдай туралы жиі ашық пікір білдіретінін айтқан.