Қазақстан мұнайы тасымалданған кеме Ливия маңында апатқа ұшырады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
2025 жылғы 1 шілдеде Ливия жағалауында Vilamoura атты мұнай танкерінде жарылыс болды. Бұл кемеде шамамен 1 миллион баррель Қазақстан мұнайы болған. Жарылыстан кейін кеменің басқару бөлігі суға толып кеткен. Қазір танкер Грекия жағалауына сүйретіліп жеткізіліп жатыр. Шығын мөлшері сол жерде анықталмақ. Бұл туралы Bloomberg және Deutsche Welle ақпараттық агенттіктері жазды.
Танкер Грекиялық TMS Tankers компаниясына тиесілі. Компания өкілінің айтуынша, жарылыс кезінде қоршаған ортаға зиянды заттар төгілмеген, ал экипаж мүшелері дін аман.
Vilamoura кемесі биылғы сәуірде Ресейдің Усть-Луга портында болып, сол жерде оған Қазақстан мұнайы тиелген. Кейін мамыр айында танкер Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) терминалында тоқтап, тағы да қазақ мұнайын артқан.
Vanguard Tech консалтинг компаниясының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Ресей порттарына кіріп шыққан тағы төрт танкер жарылған. Бұл оқиғалар Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс аясында жиілеп отыр. Ақпан айында украин дрондары дәл осы КҚК терминалына шабуыл жасаған болатын. Айта кетейік, КҚК құбыры арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ға жуығы экспортталады.
Мамандардың пікірінше, Vilamoura танкеріндегі жағдай Қазақстан үшін тікелей қауіп тудырмаса да, мұнай экспортындағы геосаяси тәуекелдердің артқанын көрсетеді. Бұл логистикалық бағыттарды әртараптандыру қажеттілігін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.
Әзірге Қазақстан тарапы Энергетика министрлігі, ҚазМұнайГаз немесе КҚК консорциумы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.