Қоғам

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кептелісте тұр

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кептелісте тұр

Жамбыл облысындағы «Қарасу» автокөлік өткізу пунктінде Қырғызстан бағытына қарай 400-ге жуық жүк автокөлігі жиналып қалды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Мемлекеттік кірістер комитеті кептелістің ұлғаюын халықаралық жүк тасымалы көлемінің маусымдық өсуімен, сондай-ақ Қырғызстанда жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген температуралық шектеулермен түсіндірді.

«Жағдайды тұрақтандыру және өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру үшін Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті шараларды қабылдап жатыр», — делінген ведомство хабарламасында.

Өткізу пунктінде жұмыс күшейтіліп, ішкі істер органдарымен бірге көлік ағынын реттеу ұйымдастырылды. Жүк көліктерінің бір бөлігі жақын маңдағы өткізу пункттеріне қайта бағытталуда. Бұдан бөлек, қазақстандық тарап Қырғызстанның құзыретті органдарымен тұрақты өзара іс-қимылды ұстанып отыр.

 

Тасымалдаушылар мен жүргізушілер үшін мессенджерлерде арнайы ақпараттық арна жұмыс істейді, онда өткізу пункттеріндегі жағдай мен ықтимал балама бағыттар туралы өзекті мәліметтер жарияланады. Сондай-ақ өткізу пунктінің алдында жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Барлық жаңалық