15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар Aitu, eGov, eGov Business және eOtinish сияқты мемлекеттік сервистерді интернетсіз-ақ пайдалана алады. Бұл дегеніміз, осы қосымшаларға кіріп, қажетті қызметті алғанда мобильді интернет трафигі есептелмейді. Мұндай шешім Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Цифрлық штаб отырысында қабылданды, деп жазады Ozgeris.info.
Үкіметтің ресми хабарламасында:
«Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелері үшін нөлдік тарифтеуді пайдалану азаматтардың мобилді шотындағы баланс нөл немесе теріс болған жағдайда мемлекеттік ресурстарға кепілдік беретін қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай қадам Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді және digital by default форматына көшудің маңызды кезеңіне айналады», деп жазылған.
Басқаша айтқанда, телефоныңызда интернетке ақша болмаса да, мемлекеттік қызметтер қолжетімді бола береді. Бұл – халыққа ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған қадам. Әлемде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы, Эстония тұрғындары X-Road пен e-Services платформаларын тегін қолдана алады, ал Сингапурда SingPass, Gov.sg және MyInfo қызметтері интернетсіз қолжетімді.
Бұл бастама тек алғашқы қадам ғана. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект арқылы цифрландыру жоспарланып отыр. Қазір 1 408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған. Тағы 984 қызметті цифрландыруға болады, ал 56 қызмет қазірдің өзінде проактивті форматқа көшірілген.
Айта кетсек, осы жылдың тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік мекемелерді Aitu мессенджерін пайдалануға міндеттеген болатын. Дегенмен, Цифрлық даму министрлігі түсіндіргендей, бұл талап тек қызметтік мақсатқа қатысты. Ал азаматтар үшін Whatsapp, Telegram сияқты шетелдік қосымшаларды қолдануға ешқандай шектеу болмайды.