Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Байқоңырда өтіп жатқан Space Days Kazakhstan 2025 халықаралық космостық форумында жаңа New Spaceport жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоба аясында ғарыш саласында шағын әрі көп мәрте қолдануға болатын космодром құру көзделген. Ол жүйе арқылы аппараттарды орбитаға шығарып, жүктемелерді Жерге қайта жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Тұжырымдаманы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, жеке меншіктегі Aspire Launch Ltd компаниясы және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері ұсынды.
«Kazakh Invest» өкілі Жамалдин Надыровтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін кең ауқымды жеңілдіктер қарастырылған. Қалыпты жобаларға – шикізат пен материалдарды импорттауға бес жылға дейін ҚҚС-тан босату ұсынылса, басым жобаларға – жабдық пен шикізатқа кедендік төлемдерді алып тастау қарастырылған. Сондай-ақ инвестиция сомасының 30%-ына дейін жер, ғимарат немесе техника түрінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұған қоса корпоративтік, табыс, жер және мүлік салығынан босату, алғашқы бір жылда шетелдік жұмыс күшін тартуға квота немесе бөлек рұқсат талап етілмейді.
Әлемдік нарықта зымыран тасығыштарға сұраныстың артуы мен Ресей бағдарламасының төңірегіндегі белгісіздік жағдайында бұл бастама Қазақстан үшін стратегиялық мүмкіндік болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, New Spaceport жобасы Байқоңырды жаңа форматта дамытуға, оны халықаралық ғарыштық экономикаға толыққанды қатысушы ретінде енгізуге жол ашады.
Осылайша, Қазақстан тек ғарыш айлағы бар мемлекет ретінде емес, шетелдік капитал мен жаңа технологияларды тартатын аймақтық ғарыштық хабқа айналуды көздеп отыр.