Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 20 млрд теңгелік меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Құжатқа облыс әкімі Дастан Рыспеков пен компания басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Келісім шеңберінде денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт салаларында 20 млрд теңгеден астам қаржыға бірқатар жоба жүзеге аспақ.
Адам капиталын күшейту мақсатында сұранысқа ие мамандар даярлайтын Ұлытау университетін ашу жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанда өңірдегі ең ірі орталық мешіттің құрылысы биыл аяқталады, ал Сәтбаевта жаңа травматологиялық пункт іске қосылады.
Дарынды балаларды қолдау үшін 150 орындық интернаты бар «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы ашылады. Ұлытау футбол клубын қаржыландыру жалғасады. Бұдан бөлек, су тарту, сумен және электр энергиясымен жабдықтау желілерін жаңғыртуға қажетті жобалық құжаттар дайындалады.
Жезқазғандағы Жастар саябағы, Ғарышкерлер бақжолы және Кеңгір су қоймасының жағалауы абаттандырылып, Қожамқұлов атындағы театр күрделі жөндеуден өтеді. Жобалар нәтижесінде өңірде заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптасып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етпек.