Қарағанды облысында «Қазақмыс» корпорациясының қатысуымен әлеуметтік және өнеркәсіптік әріптестіктің жаңа кезеңі басталмақ. 2026 жылғы 27 ақпанда Қарағанды қаласында жалпы құны 6 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыруға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келісім аясында денсаулық сақтау, білім беру, спортты дамыту және елді мекендерді абаттандыру негізгі бағыттар ретінде белгіленді. Жоспарға сәйкес, Балқаш қаласында жаңа балабақша салынып, су спорты түрлеріне арналған база ашылады.
Сонымен қатар 2026 жылы Шешенқара, Баймырза ауылдарында және Ақтау кентінде бірқатар әлеуметтік нысандар салу көзделген. Атап айтқанда, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені және өрт сөндіру депосы бой көтермек. Бұл жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға спортпен айналысуға жағдай жасап, өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Екі жылға жоспарланған меморандум өңір мен ірі бизнес арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған. Құжатта өндірістік даму ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік мәселелері де қамтылған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев меморандум өңір тұрғындарын қолдау мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен бірге Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Сарыарқа» ӘКК» АҚ арасында өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы тағы бір меморандумға қол қойылды. Бұл құжат жергілікті өндірісті дамытуға және шағын әрі орта бизнесті қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, жаңа өндірістер үшін жер телімдерін беру және отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі қарастырылған.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағанды облысы компания үшін стратегиялық маңызы бар өңір екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнда компанияның негізгі өндірістік активтері орналасқан. Сондықтан корпорация өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.
Жаңа меморандумдарды іске асыру әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнестің дамуына серпін бермек