💰 Экономика

Қазаннан бастап не қымбаттайды?

Күздің қара суығы жақындаған сайын қымбатшылықтың да желі есе бастады. Қазан айынан бастап елімізде түрлі салада бағалар көтерілуі мүмкін. Электр энергиясы, жанармай, жылу тарифі, шетелге сапарлар мен банктік қызметтер – барлығы да қымбатшылықтың дәмін сездіреді. Бірі ресми түрде жарияланды, енді бірі талқылау сатысында тұр, деп жазады Ozgeris.info.

Жарықтың бағасы көтерілуі мүмкін

Алматыда электр энергиясының тарифі көтерілетіні туралы мәселе көтерілді. Қазір әр киловатт сағат 31 теңге 85 тиын болса, қазан айында 38 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу комитеті тұрмыстық тұтынушылар үшін әзірге баға өзгермейтінін айтқанымен, бұл жай халықты сабырға шақыру ғана сияқты. Қорытынды шешім қыркүйектің жиырма бесінен кейін белгілі болады.

Энергиямен жабдықтаушы компания ұсынған жобаға сәйкес, тұтыну деңгейіне қарай үш түрлі баға белгіленбек. Нормаға сай тұтынғандар үшін баға төменірек, ал артық пайдаланғандар үшін бір киловатт сағаттың құны елу теңгеден асуы ықтимал. Бұл қарапайым тұрмыстық деңгейде әрбір отбасыға үнемділікке көбірек көңіл бөлуге тура келетінін көрсетеді.

Египетке сапар – қалтаға салмақ

Қазақстандық туристердің сүйікті бағыты саналатын Египетке бару қазаннан бастап қиындай түспек. Енді жиырма бір жасқа толмаған жастар тек ата-аналарымен бірге немесе нотариалды келісімхатпен ғана кіре алады. Құжатта сапар мерзімі мен елдің атауы нақты көрсетілуі шарт.

Сонымен қатар Синай түбегінен тыс аймақтарға бару үшін жиырма бес долларлық виза, кепілдік хат және қабылдаушы тараптың келісімі талап етіледі. Бұрын арзан әрі қолжетімді болып келген бұл бағыт енді отбасыларға қосымша шығын әкелмек. Туризм саласының мамандары мұндай өзгерістердің қазақстандықтардың Египетке бару жоспарын тежейтініне сенімді.

Жанармай нарығында тағы да дүрбелең

Атырау мұнай өңдеу зауыты қазан айының басынан жиырма бесіне дейін жөндеу жұмыстарына тоқтайды. Баяу кокстеу қондырғысының істен шығуы жанармай өндірісіне тікелей әсер етеді. Ұлттық компания қоймалардағы қор жеткілікті деп сендіріп отырғанымен, тәжірибе көрсеткендей мұндай үзілістер әрқашан баға өсіміне алып келеді.

Қазірдің өзінде АИ 92 және АИ 95 маркаларының бағасы көтеріле бастағаны байқалады. Сарапшылар қазан айында бензин құны тағы да өседі деп болжайды. Бұл тек көлік иелеріне ғана емес, азық-түлік пен күнделікті тауар бағасына да әсер етеді.

Депозит өссе, кредит қымбаттайды

 Ұлттық банкі инфляцияны тежеу мақсатында базалық мөлшерлемені он жеті жарым пайызға дейін көтеруі мүмкін. Мұндай шешім қазанның оны күні қабылданбақ. Бұл депозиттердің табыстылығын арттырғанымен, халық үшін кредиттің қымбаттауына әкеледі.

Кәсіпкерлер үшін қарыз алу шығыны артады, ал халық үшін тұтынушылық кредиттер қолжетімсіз бола бастайды. Сарапшылар бұл қадам экономиканың қысқа мерзімді өсімін баяулатуы мүмкін екенін ескертеді.

Жылу бағасы қалтаға салмақ салады

Алматыда жылыту маусымы ауа райына байланысты қазан айында басталуы ықтимал. Егер бес күн қатарынан орташа температура сегіз градустан төмен болса, жылу беріледі. Бұл кезде қарашадағы түбіртектерде жаңа тарифпен есептелген төлемдер көрсетіледі.

Жаңа тариф бойынша әр шаршы метрге төленетін сома 198 теңге 48 тиыннан 235 теңге 06 тиынға дейін өсті. Бұл он сегіз пайыздық өсім деген сөз. Әрине, бұл өзгеріс қарапайым отбасы бюджетіне елеулі салмақ түсіреді.

Халық үшін бұл кезеңде ең бастысы – үнемшілдік пен қаржыны дұрыс жоспарлау. Ал билік үшін – әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың тұрмысына ауыр салмақ түсірмейтін шешімдер қабылдау.

Барлық жаңалық