Қажылыққа деп жинаған үш миллион теңгеден астам қаржысын мүмкіндігі шектеулі балаларға үлестіріп берген павлодарлық қария ұмра сапарына аттанды. Бұл туралы ҚМДБ-ның ресми сайтына сілтеме жасаған ozgeris.info.
Мүфтияттың мәліметінше, Алматы қаласына жасаған сапарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырымдылық пен имандылықтың өнегесін көрсеткен 94 жастағы Сағадат Жұмабаев ақсақалмен арнайы кездескен.
Биыл шілде айында ерекше қайырымдылық жасаған Сағадат ақсақалға бас мүфти атынан қасиетті қажылық сапарына жолдама берілген еді.
Ұмра сапарына аттанар алдында Сағадат Жұмабаев бас мүфтиге ақ батасын беріп, шынайы ризашылығын білдірген.
Сондай-ақ Сағадат ақсақалдың өз өтініші бойынша оған жол бойы көмек көрсету үшін жақын танысының баласы Дамир Акпар бірге ұмра сапарына аттанған.
Айта кетелік, Сағадат ақсақал 13 жылдан бері Павлодар қаласындағы қарттар үйінде тұрады.
Ақсақал өмір бойы қажылыққа деп жинаған қаражатын сырқат баласы бар 30 анаға бөліп беріп, әрқайсысына 120 мың теңгеден, жалпы 3,6 млн теңге көлемінде көмек көрсеткен болатын.