💰 Экономика

Қай қалада өмір сүру жеңіл?

Қай қалада өмір сүру жеңіл?

2025 жылдың желтоқсанында халықаралық Numbeo платформасы өмір сапасы бойынша жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады. Бұл зерттеу Еуропаның жүзден астам қаласын және әлемнің өзге өңірлерін қамтыды. Жалпы алғанда, рейтинг әлемнің 263 ірі қаласы бойынша жасалды. Тізім ресми статистикаға ғана емес, тұрғындардың күнделікті тұрмыста сезінетін нақты жағдайларына сүйеніп қалыптастырылған, деп жазады Ozgeris.info.

Numbeo рейтингінде қауіпсіздік пен қылмыс деңгейі, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы, экологиялық ахуал, көлік пен қалалық инфрақұрылым, халық табысы мен шығысының арақатынасы, өмір сүру құны және күн сайын жолға кететін орташа уақыт секілді негізгі көрсеткіштер есепке алынады. Яғни, бұл рейтинг адамның қалада қалай өмір сүріп жатқанын, өзін қаншалықты жайлы әрі қауіпсіз сезінетінін көрсетуге бағытталған.

ERI аға сарапшысы Жанерке Базарбаева бұл рейтингтің маңызын былай деп түсіндіреді:

«Numbeo өмір сапасы индексі елдер мен қалаларды тек экономикалық көрсеткіштер арқылы емес, адамдардың күнделікті тәжірибесі арқылы салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл рейтинг өмірдің шынайы бейнесін көрсетеді. Қауіпсіздік, экология, медицина, көлік сияқты факторлар адамның өмір сапасын қалай сезінетінін айқындайды».

2025 жылғы рейтинг нәтижесі көрсеткендей, өмір сапасы ең жоғары қалалардың басым бөлігі Батыс және Солтүстік Еуропада орналасқан. Бұл қалаларда халық табысы жоғары, әлеуметтік қорғау жүйесі дамыған, экологияға ерекше көңіл бөлінеді әрі қалалық орта адамға ыңғайлы етіп ұйымдастырылған.

Рейтинг көшін Гаага бастады. Қала жоғары қауіпсіздік деңгейімен, дамыған денсаулық сақтау жүйесімен және ластанудың төмендігімен ерекшеленеді. Жұмсақ климат пен тиімді көлік жүйесі күнделікті жұмысқа барып келу уақытын қысқартады. Өмір сүру құны жоғары болғанымен, тұрғын үй бағасының халық табысына қатынасы басқа көшбасшы қалалармен салыстырғанда қолайлы болып отыр. Осы факторлар Гааганың бірінші орынды иеленуіне ықпал етті.

Екінші орында Гронинген орналасқан. Қала сатып алу қабілетінің жоғарылығымен және тыныш, қауіпсіз ортасымен ерекшеленеді. Ықшам қала құрылымы қозғалыс уақытын азайтады, ал экологиялық жағдай салыстырмалы түрде таза. Климат пен баға деңгейіне қатысты кейбір шектеулер болғанымен, жалпы алғанда Гронингенде айқын әлсіз тұстар байқалмайды.

Үшінші орынға Люксембург ие болды. Мұнда халықтың сатып алу қабілеті өте жоғары, экономикасы мықты. Жоғары жалақы өмір сүру құнының қымбаттығын белгілі бір деңгейде өтейді. Медицина мен экология көрсеткіштері де жоғары деңгейде. Сонымен бірге тұрғын үйдің қолжетімділігі төмен, ал қалаға сырттан келіп жұмыс істейтіндердің көптігі жолға кететін уақытты ұзартып отыр.

Осы кезеңде сарапшы мынадай пікір айтады:

«Үздік ондыққа енген қалаларда ортақ бір заңдылық бар. Ол жоғары табыс пен әлеуметтік жүйенің тұрақты жұмыс істеуі. Өмір сүру құны қымбат болғанымен, сапалы медицина, қауіпсіз орта және инфрақұрылым бұл шығындарды ақтайды».

Төртінші орынды Эйндховен иеленді. Қала қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығымен және денсаулық сақтау жүйесінің жақсы дамығанымен ерекшеленеді. Өмір сүру құны үздік 10 қаламен салыстырғанда біршама қолжетімді. Экологиялық жағдай да қолайлы. Алайда сатып алу қабілеті Люксембург пен Швейцария қалаларынан төмен, ал жолға кететін уақыт Нидерландының басқа қалаларымен салыстырғанда сәл ұзағырақ.

Бесінші орында Базель тұр. Мұнда сатып алу қабілеті өте жоғары, медицина сенімді, қауіпсіздік деңгейі тұрақты. Қала әсіресе жоғары білікті мамандар үшін тартымды. Дегенмен өмір сүру құнының қымбаттығы, тұрғын үй бағасының жоғарылығы және жолға кететін уақыт оның рейтингте одан әрі көтерілуіне кедергі келтіреді.

Алтыншы орынды Берн иеленді. Қала қауіпсіздік, медицина, экология және инфрақұрылым бойынша теңдестірілген көрсеткіштерге ие. Бірақ тұрғын үй, қызмет көрсету мен көлік бағасының өте жоғары болуы өмір сүру құнын айтарлықтай арттырады.

Жетінші орында Утрехт орналасқан. Қала жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымының дамығандығымен, тиімді қоғамдық көлігімен және жасыл аймақтарының көптігімен ерекшеленеді. Әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау жүйесі де жоғары деңгейде. Алайда тұрғын үйдің қымбаттығы рейтингтегі орнын шектеп отыр.

Сегізінші орынды Роттердам алды. Заманауи инфрақұрылым, қауіпсіздік және сапалы медицина қаланың басты артықшылығы. Логистика, технология және халықаралық бизнес салаларында жұмыс мүмкіндігі мол. Бірақ өмір сүру құны мен экологиялық факторлар оның жоғарылауына мүмкіндік бермеді.

Тоғызыншы орында Лозанна тұр. Қала қауіпсіздігімен, дамыған медицина және білім беру жүйесімен, қолайлы экологиясымен ерекшеленеді. Халықтың сатып алу қабілеті жоғары. Сонымен қатар тұрғын үй мен күнделікті қызметтердің өте қымбат болуы басты шектеу болып отыр.

Үздік ондықты Копенгаген түйіндеді. Қала қауіпсіздігімен, тұрақты даму саясаты және велосипед инфрақұрылымымен жоғары бағаланды. Қоғамдық көлік тиімді жұмыс істейді, әлеуметтік қауіпсіздік деңгейі жоғары. Бірақ өмір сүру құны мен салық жүктемесінің ауырлығы халықтың нақты сатып алу қабілетін төмендетеді.

Өмір сапасы рейтингіне Қазақстан Республикасының екі ірі қаласы да енді. Алматы 234 орында орналасқан. Қаланың төмен көрсеткіштеріне қауіпсіздік деңгейінің әлсіздігі, денсаулық сақтау жүйесінің жеткіліксіз дамуы және ауаның өте жоғары ластануы әсер етті. Ластану индексі рейтингтегі ең нашар көрсеткіштердің бірі саналады. Сонымен бірге сатып алу қабілетінің төмендігі мен күнделікті жолға кететін уақыт Алматының жалпы бағасын төмендетіп отыр.

Астана 204 орында тұр. Қала қауіпсіздік пен денсаулық сақтау көрсеткіштері бойынша Алматыдан жоғары бағаланды. Ластану деңгейі де төмен. Бірақ қатал климат негізгі әлсіз фактор ретінде анықталған. Сонымен қатар сатып алу қабілетінің төмендігі мен жолға кететін уақыт рейтингтегі позициясына кері әсер етті.

Бұл жағдайды Жанерке Базарбаева былай қорытындылайды:

«Алматы мен Астанада жекелеген оң сипаттамалар бар. Бірақ бағалармен салыстырғанда табыстың төмендігі, экологиялық проблемалар, көлік жүктемесі және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы бұл артықшылықтарды басып кетеді. Сол себепті екі қала да рейтингтің төмен бөлігінде қалып отыр».

Қорытындылай келе, Numbeo өмір сапасы индексі әртүрлі елдер мен қалалардағы тұрмыс деңгейін халықтың күнделікті өмірі тұрғысынан салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл рейтинг өмір сүру ортасын бағалауға, талдау жасауға және қай жерде өмір сүру туралы шешім қабылдауға арналған ыңғайлы әрі түсінікті құрал болып қала береді.

Барлық жаңалық