🏛️ Саясат

Пропаганда жүргізу және «қазақ элитасын» тарту: Қазақстанда Ресей агенттері қалай жұмыс істейді?

Ресейлік «Досье» журналистер тобы Ресей Бас барлау басқармасына жұмыс істейтін бірнеше агенттің Қазақстандағы құпия қызметін әшкерелеген құжаттарды қолға түсірді. Бұл жазбаларда агенттер Қазақстанда ресейшіл пропаганда жүргізу және «қазақ элитасын» Мәскеумен серіктестікке тарту жоспарын баяндаған.  Ozgeris.info тілшісі БАҚ қолына түскен құжаттарға шолу жасайды. 

Агенттер тіпті Қазақстанда Ресей мүддесіне жұмыс істейтін партия құрып, сайлауға қатысуды ұсыныпты. «Досье» журналистер тобы осы құжаттармен Азаттықпен бөлісіпті. Бұл құжаттар Ресейдің Бас барлау басқармасының полковнигі Денис Смоляниновке Қазақстандағы агенттер жіберген есептік жазбалары мен жұмыс жоспары. Бұл тыңшылардың 2022 жылдың соңынан 2023 жылдың басы аралығындағы құпия қызметін әшкерелейді. 

Агенттер ақпарат жинаған кезде Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Қазақстан арасы ширығып тұрған. Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық қолдаған жоқ, және сыртқы саясатта бейтарап позиция ұстауға тырысты. Ресейдің агенттері құжатта Астананың мұндай позициясын «Русофобия» деп атап, ахуалды қалай өзгертуге болатынын жазған.

Ресейдің Бас барлау басқармасына жіберілген бірнеше ұсыныс, елімізде расымен жүзеге асқан. Кейбір ұсыныстар құпия болғандықтан, олардың іске асқаны не аспағаны туралы дөп басып айту қиын.

«Досье» жіберген бұл құжаттарда ешбір мекеменің мөрі жоқ. Бірақ, орталық мамандарының осыған дейінгі зерттеулеріне сүйеніп, бұл құжаттардың түпнұсқа екені мүмкін деп ойлайды. Құжаттардың жазылу стилі, таңдалған сөздер, ондағы кейбір фактілер осыны аңғартады.

"Ахуал" деген құжатта агенттер Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы бағытын сипаттаған. Құжатта Ресейдің назары Украинадағы арнайы әскери операцияға ауғанын пайдаланғысы келетін АҚШ бастаған Батыс елдері Орталық Азияны Ресей ықпалынан шығаруға күш салып жатыр деп жазылған. Агенттер құжатта Қазақстанның әскери саладағы позициясын екіұдай деп бағалаған. Қазақстан билігі, агенттіктің ақпаратына қарағанда, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларында құпия түрде аймақты қорғау күштерін құруды және дамытуды жоспарлап отыр.

Қазақстан билігі осы арқылы Ресеймен шекаралас тұратын орыс тілді халықтың наразылық көңіл-күйін бақылауда ұстағысы келеді делінген құжатта. Жазбада Қазақстан әскерінің қатарында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың басым болмауына жол бермеу үшін әскери басшылық үміткерлерге қазақ тілін білу бойынша міндетті емтихан енгізуді жоспарлап отыр делінген.

Ресейлік агенттер Қазақстан билігі советтік Ресеймен тарихын ажырата бастағанын да атап өткен. Оған мысал ретінде ел 9-мамырда әскери парад өткізуден бас тартқаны, СССР-дің кезінде саяси репрессияға ұшыраған адамдарды қудалау туралы ұлтшыл сипаттағы зерттеу жүріп жатқанын жазған.

Агенттер ГРУ-ға Орталық Азияда тұратын ресейлік және орыс тілді азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауға жәрдемдесетін русофобияға қарсы тұратын, Қазақстанға Ресей ықпалын күшейтетін стратегия бойынша тиімді бағдарламалар әзірлеуді тапсырған. Айтылған ұсыныстар қатарына ресейшіл сарапшылар желісін кеңейту, гуманитарлық және мәдени шараларды қолдау, ақпараттық арналарды құру, Мәскеуге адал элита адал қалыптастыру және қазақ жастарымен жұмыс істеу шаралары кіреді.

Елдегі ахуалды анықтаған соң, Ресейлік агенттер Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту бойынша жұмыс жоспарын жолдаған. Олар Ресейдің Бас барлау басқармасына Қазақстанда ресми түрде ғылыми әлеуметтік зерттеу жүргізетін құпия түрде Мәскеу мүддесіне жұмыс істейтін институт құруды ұсынған. Бұл зерттеу институты қазақ элитасымен және өзге де ықпалды топтармен байланыс орнатып, қоғамдық саяси жағдайға ықпал ете алу мүмкіндігіне ие болуы керек.

Жобаның жалпы бюджеті 25 млн 205 рубль, яғни, 125 миллион теңге. Жобаны ең аз құраммен кемінде екі ай жүргізуге болады. Үшінші айдан бастап штаттағы қызметкерлер саны біртіндеп артуы тиіс. Жоспар бойынша 6-айда адамдар саны 22-24-ке жетеді деп жазылған.

Құжат бойынша бұл зерттеуде жұмыс істейтін қызметкерлерге төрт бағыт бойынша жұмыс тапсырылады.

-       Қазіргі ахуалды зерттеу,

-       Ақпараттық кеңістікті мониторингілеу,

-       Психологиялық ықпал ету жұмыстарын жүргізу,

-       Қазақстандағы элитамен байланыс орнату.

Қызметкерлер жоспар бойынша әуелі елдегі ахуалды анықтап, ойыншыларды анықтауы керек. Кейін мониторинг тұрақты түрде жалғасып, өзгеріс динамикасы өлшеніп отырады. Психологиялық ықпал ету бойынша медиа арқылы белсенділік таныту, ақпарат тарату және қоғамдық пікірге әсер ету жоспарланған.

Олар сондай-ақ ғылыми туризм деген желеумен қазақстандық сарапшыларды Ресейге шақырып, немесе ресейлік агенттерді Қазақстандағы конференцияларға жіберумен де айналысады.

Олар ел тұрғындарынан ұлт ерекшеліктеріне байланысты сауалнамалар да жүргізуді жоспаралған. Мысалы, қазақтарға қойылатын сұрақтар арасында «орыстарға қандай кінә артар едіңіз?», «орыстарды Ресейден бөлек қарастырасыз ба, әлде бірге ме?», «орыстардан қандай пайда бар деп есептейсіз?», «балаларыңызға орыс тілінде білім беруді қалар ма едіңіз?» деген сұрақтардың болуы жазылған.

Ал орыс халқына дайындалған сұрақтар ішінде «орыс ұлтының мәртебесі мен ықпалын арттырудың қандай мүмкіндігі бар?», «орыс халқының Қазақстанға саяси топ ретінде бірігуіне қандай да бір әкімшілік кедергілер бар ма?» деген сауалдар қойылады.

Агенттер бұл зерттеу институты және оның баспасөздегі пропагандасы нәтиже бермесе, элитамен жұмысқа ден қойылатыны жазылған. Институт қызметкерлері елдегі саяси және бизнес элитасын Ресей пропагандасымен серіктестікке де тартуы керек. Олар элитаны Ресей жеріндегі немесе  шетел аумағында түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерге уәде беріп, қызықтыруға тиіс.

Құжатта бұл институтты кім қаржыландыруы мүмкін екендігі де көрсетілген.  Қаржыны мемлекеттік корпорациясынан, мысалы Қазақстанда уран өндіру жобасы бар және  Росатомнан сұрауды ұсынған. Есепке қарағанда, Росатом бұрын да Ресейдің осындай құпия қызметтерін қаржыландырған.

Ресей агенттерінің құжаттарында жоспарланған кейбір шаралар Қазақстанда өткізілгені туралы ашық дереккөзде айғақ табуға болады. Мысалы, мынау құжатта агенттер Алматыда Украина соғысының Орталық Азиядағы жаңғырығы атты конференция өтетінін хабарлап, онда не айтылатынын сипаттап, келесі құжатта жиыннан соң есеп те берген. Сарапшылар қатысқан талқы 2023 жылдың мамыр айында өткен. Жобаның жалпы бюджеті 19,5 мың доллар деп көрсетілген. Жиынға әр елден 20-ға жуық сарапшы қатысқан. Қатысқан әрбіріне 500 доллар төленетіні жазылған. Жоспар бойынша қатысқандар өңір қауіпсіздігіне Ресей кепілдік береді деген риториканы таратуы керек. Үш сағаттан аса уақыт жалғасқан жиында расымен де Ресей туралы көп айтылды. Сарапшылар Ресейді Орталық Азияның сенімді серіктесі ретінде сипаттайды.

Ресейлік агенттер Бас барлау басқармасы жолдаған тағы бір құжатта жұмысты Қазақстанның солтүстігінен бастауға болатынын жазған. Олар Астанада Ресейшіл қоғамдық ұйымымен басылым ашып, канал арқылы Қазақстан халқы алдындағы Ресей бейнесін жақсартуға, қазақтар мен орыстар арасындағы достықты насихаттауға күш салуға үндейді.

Агенттер Қазақстанда Ресей мүддесіне жұмыс істейтін саяси партия құруды да ұсынады. 2026 жылы парламент сайлауына қатысуды көздеген. Айта кетейік, Қазақстанда кезекті мәжіліс сайлауы 2028 жылы өтуге тиіс. Агенттер партия жетекшілігіне Айнұр Құрманов есімді қазақстандық белсендіні ұсынған. Құрмановтың жұмыс бағыттарының бірі қазақстанның батысшыл позициясын сынау. Құжатта оған агенттер 5000 еуро, шамамен 3 млн жалақы тағайындауды ұсынады. Бұл ақшаға Құрманов елдегі протестік жағдайлардың картасын жасап, наразы топтардың лидерлерімен байланысып, болашақта қандай да бір наразылықтарға бағыт беріп, олардың көлемін арттырумен айналысуы керек.

Құрманов қазақстандағы солшыл бағыттағы саяси қозғалыстардың өкілі, журналист әрі кәсіподақ белсендісі ретінде танылған. Құжатта ол Грекияда саяси баспана алып, Ахинада тұрып жатқаны айтылған. Оған Грекия компартиясы пана берген, ол ұйым Украинадағы соғысты сынайды, сондықтан ол өзінің ресейшіл көзқарасын ашық білдіре алмайды. Дегенмен, кейінгі жылдары Құрманов әлеуметтік парақшаларында ресейшіл көзқарасын ашық айтып жүр. Мысалы, ол бір жазбасында Алматыны Алма-Ата деп атап, Тоқаевтан қалада 9-мамырға орай шеру ұйымдастыруды сұраған. Социализм кз деген сайтты да жүргізеді. Онда советтік Қазақстаны мадақтап, қазір елдің әр аумағында болып жатқан наразылықтар туралы жазады. Оның кейінгі жылдары әлеуметтік желіде ресейшіл риторика таратып, Мәскеу мүддесіне сай сөйлей бастағаны Ресей Бас барлау басқармасымен келісімінің нәтижесі ме жоқ па, белгісіз.

Соғыс басталғалы санкцияларға ұшыраған Ресейдің Қазақстанмен байланысы күшейді дейді мамандар. Әсіресе, білім беру, сауда-саттық, мәдениет және энергетика салаларында еліміздің Ресеймен байланысы күшейді. Қазақстан Украина сияқты тікелей ақпараттық шабуылға ұшырамаса да, бұл бағыттағы Ресей ықпалы айқын.

«Қазір Мәскеу тарапынан Қазақстанға бағытталған гибритті соғыс жоқ,  десе де, Ресей өз мүддесіне сай ақпарат таратып жатқаны анық. Ол үшін Мәскеу мәдени жобалар, ақпараттық науқандар мен жұмсақ күш элементтерін жиі қолданады», - дейді әлеуметтанушы Димаш Әлжанов.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның ең осал тұсы қоғамның ақпарат көздеріне сенімінің төмен болғаны. Елімізде тәуелсіз әрі сенімді баспасөз жоқтың қасы, сондықтан мұндай жағдай жалған ақпараттың тез тарауына жол ашады.

«Осының әсерінен Ресейдің шындыққа жанаспайтын, нақты мүддені көздеген ақпаратты таратуына мүмкіндік туып отыр. Сондықтан ел ішіндегі кемшіліктің салдарынан сыртқы ықпал күшейе береді. Сенімсіздік күшейген сайын, қоғам ішіндегі алауыздық та тереңдей түседі», - дейді маман.   

Барлық жаңалық