Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусованы Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі үздік 50 педагогтің қатарына енуімен құттықтады деп хабарлайды Оzgeris.info.
Мемлекет басшысы жолдаған құттықтау хатында бұл жетістіктің ұстаздың көп жылғы табанды еңбегінің және өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие берудегі жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
– Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, білім саласының дамуы елдің болашағымен тікелей байланысты, ал мұғалімдердің еңбегін бағалау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі.
Айта кетейік, Global Teacher Prize – әлемдегі ең беделді халықаралық педагогикалық байқаулардың бірі. Байқау жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен үздік мұғалімдерді анықтап, олардың тәжірибесін кеңінен насихаттауға бағытталған.