Жаңалықтар

Петропавлда 3 жасар бала кондуктордың арқасында аман қалды

Петропавлда 3 жасар бала кондуктордың арқасында аман қалды

Петропавл қаласында көшеде қараусыз жүрген үш жасар бала кондуктор мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ата-анасына аман-есен табысталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Оқиға №7 бағыттағы автобуста болған. Қоғамдық көлік кондукторы көшеде жалғыз жүрген кішкентай баланы байқап, оны автобусқа отырғызып, бірден «102» қызметіне хабарлаған.

Оқиға орнына келген ювеналдық полиция инспекторлары бүлдіршінді өз бақылауына алып, оның тұрғылықты мекенжайы мен ата-анасын анықтау жұмыстарын жүргізді. Іздеу шараларына тиісті қызметтердің барлығы жұмылдырылды.

Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол алдымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын тексеріп, медициналық көмек қажет емес екенін анықтады. Кейіннен заңды өкілдері табылып, бала отбасына қайтарылды.

Тексеру барысында үш жасар баланың ата-анасы үй шаруасымен айналысып жүрген сәтте сыртқа шығып кеткені белгілі болды. Жалпы оқиға екі сағатқа жуық уақытқа созылған.

Полиция қызметкерлері баланың әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырып, ата-аналармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Тәртіп сақшылары бұл жағдайдың сәтті аяқталуына тұрғындардың қырағылығы мен жауапкершілігінің зор ықпал еткенін атап өтті.

Барлық жаңалық