Атышулы Перизат Қайраттың ісіне қатысты тәркіленген люкс санатындағы Lexus LX 600 көлігінің тағдыры жұмбаққа айналды. Құзырлы органдардың берген мәліметтері бір-біріне қайшы келіп, қымбат жол талғамайтын көліктің дәл қазір кімнің иелігінде екені белгісіз болып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты informburo порталына сілтеп.
Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) ресми сауалға берген жауабында 100PKO01 мемлекеттік нөмірімен белгілі қара түсті Lexus LX 600 көлігі өздерінің балансында емес екенін мәлімдеді. Бұл ақпарат Астана қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұған дейінгі мәлімдемесіне мүлдем қайшы. Сәуір айында аталған департамент көлік АФМ иелігіне 2025 жылдың желтоқсанында өткенін хабарлаған болатын. Алайда Агенттік бүгінде олардың автопаркінде мұндай көліктің жоқтығын айтып, ақпаратты теріске шығарды.
Құны 79 миллион теңгеден асатын бұл темір тұлпар кезінде Перизат Қайраттың анасының бауырына тіркелген еді. Көлікке қатысты алғашқы сауда-саттық шаралары өткен жылдың қараша айында ұйымдастырылған. Осы іске қатысты өзге мүліктердің тағдыры әлдеқайда анық: мысалы, тәркіленген Mercedes-Benz S450 және Haval H6 GT көліктері сәуір айындағы сауда нәтижесінде Астана қалалық Полиция департаментінің меншігіне өткен.
Естеріңізге сала кетсек, қоғам белсендісі Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ ол «Шапағат» мемлекеттік наградасынан айырылды. Оның анасы Гайни Алашбаева да қызына көмектескені үшін 7 жылға сотталды. Сот шешімімен анасы мен қызы 50-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 1 миллиард 582 миллион теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелген. Бұған қоса, олар миллиондаған теңге мемлекеттік баж салығы мен сот шығындарын төлеуі тиіс.