Ақтөбеде оқу жаттығуы кезінде парашюті ашылмай қаза тапқан 18 жастағы курсанттың өліміне кінәлі екі әскери қызметкер бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 15 шілдесінде «Айбын» аэродромында болған. Тікұшаққа мінер алдында майор Нұржан Айденов 2 курс студенті Бақыт Асарбаевтың парашютін тексеріп, оған қолмен ашылатын құрылғымен секіруге рұқсат берген. Бірақ ереже бойынша алғашқы таныстыру секірісінде парашют адамның көмегінсіз өзі ашылуы керек еді. Осы қатенің салдарынан 800 метр биіктікте құрылғы істемей қалып, жас жігіт жерге құлап мерт болды.
Бұл істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарап, екі адамды жауапқа тартты. Судья майор Нұржан Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлегенді қызметке салғырт қарады деп таныды. Нәтижесінде Нұржан Айденов 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды. Ал Заманбек Төлеген 5 жылға сотталды.
Сонымен қатар сот марқұмның отбасы түсірген талап арызды ішінара қанағаттандырды. Енді Қорғаныс министрлігі курсанттың жақындарына моральдық шығын ретінде 20 000 000 теңге өтемақы төлейді.