Спорт

Паралимпиада жүлдегері елдегі спорттағы кемшіліктерді ашық айтты

Токио мен Париж Паралимпиадасында жүлде жеңіп, үш мәрте әлем чемпионатының күміс медалін еншілеген Нұрдәулет Жұмағали еліміздегі мүмкіндігі шектеулі спортшылардың қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді, деп жазады ozgeris.info сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

 

Оның айтуынша, халықаралық аренада табысқа жеткенімен, спортшылардың күнделікті дайындығына қажетті ең қарапайым жағдай жасалмаған.

 «Токиода қола жүлде иеленсем, Парижде күміс медаль алдым. Бірақ бізге әлі күнге дейін дәрігер, массажист, жаттығуға арналған спорттық киім жетіспейді. Нәтиже бар, бірақ қолдау жоқ. Үнсіз қалатын уақыт өтті», – дейді ол.

 

Жұмағали жаттықтырушылар да өз қалталарынан қаржы шығарып жүргенін атап өтті.

«Жарыстарға барғанда бізбен бірге журналистер ермейді. Сұхбат, сурет, бейнематериал мүлде болмайды. Тіпті әрбір қателікті талдау үшін жаттықтырушым өз қаражатына құрал-жабдық алып, жарысты өзі түсіруге мәжбүр», – деді спортшы.

 

Ол алдағы жылы өтетін Пара Азия ойындарына тыңғылықты дайындалуға ниетті екенін, алайда ол үшін ең алдымен қажетті жағдай жасалуы керектігін қадап айтты.

Барлық жаңалық