«МузАрт» тобының солисі, танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрлан имаммен бірге отырған сәттен видео жариялап, көпшіліктің назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Видеода өнер иесі Нұрлан имамның алдында сөз сөйлеп, адам болмысы, өзгелерді қабылдау және толеранттылық тақырыбында ой қозғайды. Сондай-ақ әнші жазба астында айтылған пікірінің мән-мағынасына тоқталып өтті.
«Маған сөз берілген соң, Нұрлан имамның алдында ашылып сөйлеп тұрған мен де жүрек жұтқан жігіт екенмін. Элиф Шафактың бір сөзі бар: “Алла тағала барлық адамды бірдей етіп жаратуға да құдіреті жетер еді, алайда Ол әртүрлі болуын қалаған”. Сондықтан бір адамды екіншісінен төмен санау — қате. Керісінше, бір-бірімізді толықтырып, жақсы қасиеттерімізді арттырып, кемшілікті жаба білу — адамгершіліктің көрінісі. Айтпағым осы еді», — деп жазды әнші.
Алайда бұл жазба желі қолданушылары арасында екіұдай пікір тудырды. Бірі Сәкен Майғазиевтің ойымен келісіп, қолдау білдірсе, енді бірі сыни көзқарасын ашық білдірді.
Пікір қалдырғандардың кейбірі:
«Қазіргі отырыстарда жасандылық көп»,
«Әніңді айтып жүре берсеңші»,
«Әртістердің сөзі мен ісі үнемі үйлесе бермейді»,
«Нұрлан имамды асыра дәріптеудің қажеті жоқ» деген ойларын жазды.
Осылайша, әншінің ізгі ниетпен айтқан пікірі қоғамда түрлі көзқарас туғызып, қызу талқылауға себеп болды.