Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтары мен отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер мемлекеттік қолдау шараларын азаматтарға алдын ала, яғни өтініш бермей-ақ ұсыну үшін пайдаланылады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасында 6,2 млн отбасына біріктірілген 20,6 млн азамат туралы мәлімет бар.
Цифрлық карта 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, халықаралық тәсілдер негізінде әзірленген.
Кешенді бағалау нәтижесінде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай бес санаттың біріне жатқызылады:
- А санаты – әл-ауқаты жоғары;
- В санаты – әл-ауқаты жоғары деңгейдегі ауқатты отбасы;
- С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық;
- D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;
- Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Отбасының санаты бір ғана көрсеткіш бойынша анықталмайды. Бағалау 8 негізгі бағытты қамтитын 59 көрсеткіш негізінде жүргізіледі.
Олардың қатарында:
- қаржылық жағдайы;
- активтері мен мүлкі;
- тұрғын үй жағдайы;
- жеңіл және коммерциялық көлігінің болуы;
- жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
- жұмыспен қамтылуы;
- несиелері мен мерзімі өткен берешектері;
- кәсіпкерлік қызметінің болуы және басқа да көрсеткіштер бар.
Демек, отбасының әл-ауқат деңгейін анықтағанда тек табысы, баспанасы, көлігі немесе басқа да жеке мүлкі ғана ескерілмейді. Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын барлық мәлімет жиынтығы назарға алынады.
Мысалы, А санатына жататын, әл-ауқаты жоғары отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері кемінде 7 күнкөріс минимумына тең болуы мүмкін. Бұл шамамен 350 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, қымбат автокөліктері де ескеріледі.
Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі. Бұл оның жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Цифрлық карта отбасының әлеуметтік жағдайын бір рет анықтап, ұзақ уақытқа бекітіп қоймайды. Мемлекеттік цифрлық жүйелерден мәліметтер өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мысалы, табыс көлемі өзгерсе, мүлік сатып алынса немесе сатылса, отбасы құрамы өзгерсе не басқа да маңызды жағдайлар орын алса, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
Егер азамат отбасының әл-ауқат деңгейіне берілген бағамен келіспесе, өзі және отбасы мүшелері туралы есепке алынған мәліметтерді тексергені жөн. Себебі бағалау нәтижесіне іс жүзінде пайдаланылмайтын немесе өзектілігін жоғалтқан мүлік туралы ақпарат та әсер етуі мүмкін.
Мысалы, отбасының меншігінде бұзылуға жататын тұрғын үй тіркелсе, тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті органға жүгініп, мәліметтерді нақтылау қажет. Негіз болған жағдайда бұл нысанды тиісті есептен алып тастауға болады.
Егер меншікте іс жүзінде пайдаланылмайтын көлік құралы тіркелсе, көлік саласындағы уәкілетті органға хабарласып, тіркеу деректерін жаңарту керек. Ал қызметін тоқтатқанымен, ресми түрде тіркеуде тұрған жеке кәсіпкерлік болса, мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, оның мәртебесін нақтылаған жөн.
Отбасының әл-ауқат деңгейіне әсер ететін басқа да мәліметтерді осы тәртіппен тексеруге болады. Деректер тиісті уәкілетті органдар арқылы бастапқы ақпарат көздерінде түзетіледі. Жаңартылған ақпарат Отбасының цифрлық картасына автоматты түрде түсіп, келесі бағалау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі қайта есептеледі.
Сондықтан отбасының әлеуметтік жағдайын дұрыс бағалау үшін мемлекеттік цифрлық жүйелердегі мәліметтердің өзекті болуы маңызды.
Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін ұсыну кезінде отбасының нақты жағдайын дәлірек анықтауға және әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік қорғау жүйесіндегі заманауи құрал. Ол мемлекетке отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді уақытылы бақылауға, азаматтарға қолжетімді қолдау шаралары туралы алдын ала хабарлауға және әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.