Орал қаласында тұрғындарды жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеп беремін деп алдап, ірі көлемде ақша иемденген азамат қолға түсті. Бұл туралы ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шаған полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел шаралар барысында күдікті азамат анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында оның қала тұрғындарының сеніміне кіріп, жүргізуші куәлігін оңай жолмен алып беремін деп уәде бергені белгілі болды.
Қазіргі уақытта 13 адам алаяқтың құрбанына айналғаны анықталып, келген шығын көлемі 6,5 миллион теңгені құрады. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды.
Полиция департаменті тұрғындарды тек ресми органдар арқылы ғана құжат рәсімдеуге шақырып, күмәнді ұсыныстар мен алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес берді.