Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрамында қатты пайдалы қазбалар бар 39 кен орнын аукцион арқылы сатуға шығарады. Аукционға қатысуға өтініштер 2 шілде мен 2 қыркүйек аралығында қабылданады, ал сауда-саттықтың өзі 2025 жылғы 19 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Аукционға шығарылатын жер қойнауы учаскелерінде алтын, көмір, марганец, асбест, никель, кобальт, барит сынды кен түрлері бар. Бұл учаскелер Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде орналасқан. Барлық кен орындары үшін аралас өндіру тәсілі (жерасты және ашық әдістер) көзделген.
Көптеген лоттар бойынша бастапқы баға 1,9 миллион теңгеден басталады. Арасындағы ең ірі кен орны — Ақмола облысындағы “Богембай” көмір кені. Көптеген учаскелер үшін бастапқы бонус мөлшері 1,966 миллион теңге болып белгіленген.