💰 Экономика

Олжас Бектеновты Лукашенко шақырған

Минск қаласында Премьер-министр Олжас Бектенов Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысқан кездесуге және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын әрі кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Жиын барысында өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік ынтымақтастықты күшейту және бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.

Еуразиялық үкіметаралық кеңеске Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения вице-премьері Мгер Григорян (онлайн), сондай-ақ Өзбекстан, Иран, Куба және Әзербайжан өкілдері қатысты. Кеңеске Еуразиялық экономикалық комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев те келді.

Шағын құрамдағы отырыста қаңтар айында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бірқатар ұйымдастырушылық мәселе шешілді. Кеңейтілген отырыста интеграцияланған ақпараттық жүйе, көлік инфрақұрылымын дамыту және басқа да маңызды тақырыптар талқыланды.

Олжас Бектенов өз сөзінде ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Әсіресе кооперация, көлік-транзит және цифрлық саладағы әлеуетке назар аударды. Премьер-министр халықаралық әріптестікті күшейтіп, жаңа нарықтарға шығу үшін қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтты.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін қолдау бөлек қаралды. ЕАЭО бюджеті есебінен ауыл шаруашылығына да қаржы бөлу тетіктері пысықталып жатыр. Бұл жаңа технологияларды енгізуді жеделдетіп, жеткізу тізбегін нығайтады және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен бірге, техникалық регламенттерді цифрландыру қауіпсіздік талаптарын өзектендіруге және процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Бірлескен «Цифрлық техникалық реттеу» жобасы интеграцияға жаңа серпін бермек.

Отырыстың қорытындысында бірқатар құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптегі кооперацияны дамытуға, цифрлық ынтымақтастықты күшейтуге, өткізу нарықтарын кеңейтуге және елдердің экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталды.

Келесі Еуразиялық үкіметаралық кеңес биылғы желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтеді.

Барлық жаңалық