Жаңалықтар

Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді

Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді

Астана қаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Жиында инвесторларды қолдау, сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу арқылы жаңа буынның жоғары технологиялық өндірістерін бірлесіп дамыту мәселелері қаралды деп жазады Оzgeris.info.

 

Отырыста Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес проактивті инвестициялық саясатты жүзеге асырып жатқаны айтылды. Жасанды интеллект пен цифрлық трансформация ұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта Президент жанынан халықаралық сарапшылардың қатысуымен ЖИ дамыту жөніндегі кеңес құрылып, Цифрлық штаб жұмыс істеуде. Сонымен қатар халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабы», Astana Hub экожүйесі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

 

Премьер-министрдің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды жедел дамытуға және 2025 жылы IT қызметтері экспортының көлемін $1,2 млрд-қа дейін жеткізуге бағытталған. Бүгінде Playrix, Mytona және NetCracker сынды құны $1 млрд-тан асатын ірі халықаралық компаниялар Қазақстан нарығына кірген.

 

Отырыс барысында Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші жалпы отырысында берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері тыңдалды. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында 2025 жылы инвесторлық визаның жаңа ережелері бекітіліп, шетел азаматтарына 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін «Алтын виза» енгізілді. Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған бұлтты сервистерді пайдалану мәселелері пысықталуда.

 

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда цифрлық елге айналуға қажетті құқықтық және технологиялық базаның қалыптасқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойып, отандық тілдік модельдер мен мемлекеттік цифрлық сервистерді дамытуға жол ашылды. Негізгі назар адами капиталды дамыту мен цифрлық кластерді күшейтуге бағытталған.

 

Отырыс барысында энергетика саласына цифрлық шешімдерді енгізудің тиімділігі ерекше атап өтілді. Әуе электр желілерін ЖИ көмегімен тексеру нәтижесінде ақауларды анықтау дәлдігі 98%-ға жеткен. Сондай-ақ жылу желілерінде роботтандырылған диагностика енгізіліп, Шымкент қаласындағы пилоттық жоба 70%-дан астам үнемдеуге мүмкіндік берген.

 

Шетелдік инвесторлар тарапынан да бірқатар ұсыныстар айтылды. Marubeni корпорациясы ЖИ-ді әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында қолдануға қызығушылық танытса, Polpharma компаниясы жалған дәрі-дәрмектермен күресу мәселесін көтерді. CNPC, EY, JP Morgan, Kazzinc (Glencore) секілді компаниялар мұнай тасымалы тарифтері, деректерді локализациялау және салық салу мәселелерін талқылады.

 

Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға Шетелдік инвесторлар кеңесімен бірлесіп барлық ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды.

 

Сондай-ақ Премьер-министр Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Beeline Kazakhstan басшыларымен жеке кездесулер өткізіп, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Барлық жаңалық