Қоғам

Олигархтардан қайтқан бренд алқалар қанша тұрады?

Олигархтардан қайтқан бренд алқалар қанша тұрады?

Қазақстанда мемлекет меншігіне қайтарылған сән-салтанаты зор, әлемдік брендтердің әшекей бұйымдары сатылымға қойылды. Бұл бұйымдар кезінде белгілі тұлғалардың немесе ауқатты отбасылардың иелігінде болған. Енді олар E-Qazyna электрондық сауда алаңында аукцион арқылы сатылмақ. Сатылым 24 шілдеде өтеді, деп жазады Ozgeris.info.

Аукционға қойылған зергерлік бұйымдар тізімінде Van Cleef & Arpels, Frank Muller, FOPE, Marco Bicego сынды әлемге танымал маркалар бар. Алқалардың бәрі аса бағалы тастармен көмкерілген және бағасы миллиондаған теңгеден басталады.

Van Cleef & Arpels  38,5 млн теңге

Басты лот әлемдік элита арасында танымал Van Cleef & Arpels брендіне тиесілі алқа. Салмағы 84 грамм, ақ алтын мен 16,92 карат гауһар тастан жасалған бұйымның бастапқы бағасы 38,5 миллион теңге. Бұл қазіргі тізімдегі ең қымбат әшекей. 

Frank Muller 5,2 млн теңге

Екінші орында Frank Muller бренді тұр.  Ақ алтыннан жасалған (750 проба), салмағы 52 грамм болатын бұл алқа 4,6 караттық 230 дана гауһар тастармен безендірілген. Аукциондағы бастапқы құны 5,2 миллион теңге.

FOPE 4,7 млн теңге

Қымбат бұйымдар үштігін италиялық FOPE маркасының алқасы жалғайды. Бұл әшекей 192 гауһар тас (жалпы салмағы 3,5 карат) және 6 інжу-маржанмен көмкерілген. Салмағы 11 грамм. Бастапқы бағасы  4,7 миллион теңге.

Marco Bicego  2,8 және 2,7 млн теңге

Marco Bicego брендінің екі алқасы да сатылымға қойылған. Біріншісі  сары алтыннан жасалған, 160 гауһар таспен (3,2 карат), інжу, топаз, аквамарин, аметист, гранат және турмалинмен көмкерілген. Бұрынғы иесі – ауқатты қазақстандық әйел. Бастапқы бағасы  2,8 миллион теңге.

Екінші алқа да түрлі-түсті бағалы тастармен безендірілген. Салмағы 107,5 грамм. Бағасы сәл төмен 2,7 миллион теңге.

Аукцион қалай өтеді?

Бұйымдардың барлығы мемлекетке қайтарылған активтердің бір бөлігі ретінде тіркелген. Аукцион ағылшын әдісімен, яғни бағаның өсу тәсілі арқылы 24 шілдеде өтеді.

 

Барлық жаңалық