Әнші Әбдіжаппар Әлқожа қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаевтың тегін ұлттық үлгіге жақындату туралы ұсынысын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі бұл пікірін әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялаған.
«Дастан Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы голын соқты. Бірақ шетелдік комментаторлардың бәрі оның тегін "Сәтпаев" деп айтып жатыр. Неге тегін "Сәтбай" деп өзгертпеске? Жанкүйер ретінде осындай ұсыныс айтсақ деймін. Құжаттағы тегі өзгермесе де, кем дегенде футболкасының артында "Сәтбай" деп жазылса, өте жақсы болар еді. "Сәтпаев" деген атау бәрібір орысша естіледі», – деді әнші.
Әбдіжаппар Әлқожа аталған ұсынысын көпшілік талқысына ұсынып, Дастан Сәтпаевтың тегін ұлттық нақышқа жақындатуға болатынын айтты.