📰 Сарапшылар пікірі

Неге біреу декретке миллионмен шығады, ал біреу аз алады? Сарапшы жауабы

Қазір әлеуметтік желілерде «декретке миллионмен шықтым» деген жазбалар жиі көзге түседі. Бір ананың шотына ірі сома түссе, енді бірі дәл сондай жағдайда бола тұра ешқандай төлем ала алмай жүр. Мұның себебі неде? Неліктен декреттік төлем әр анаға әрқалай есептеледі? Осы мәселеге салық маманы Балжан Бақытқалиқызы түсініктеме берді, деп сараптайды Ozgeris.info.

Үш түрлі төлем бар

Қазақстанда декретке байланысты үш түрлі төлем бар. Біріншісі – жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін бір реттік әлеуметтік төлем. Бұл тек ресми түрде жұмыс істейтін әйелдерге беріледі. Жұмыс істемейтін әйелдер бұл көмектен қағылады.

– Елдегі декреттік төлемдер үш түрлі болады. Біріншісі – жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылғаны үшін төленетін бір реттік көмек. Ол тек ресми жұмыс істейтін жүкті әйелдерге ғана беріледі. Бұл төлемді алу үшін алдымен уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алу керек. Мұндай парақ жүкті әйелдің тіркелген емханасы арқылы беріледі. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында 27-аптадан бастап беріледі, өйткені бұл аймақтар бұрын ядролық сынақ аймағы болған. Қалған облыстарда 30-аптада беріледі, – дейді маман.

Бірақ бұл парақты жұмыс істемей­тін әйел ала алмайды, себебі оны алу үшін жұмыс орныңыздан немесе жеке кәсіпкерлігіңізді растайтын құжат тапсыру керек. Жұмыссыз, үй шаруасында отырған аналар мұндай анықтама тапсыра алмайды. Сондықтан олар бұл төлемнен қағылады. Дегенмен кей аналар жүктілігін білгеннен кейін ресми жұмысқа орналасып немесе жеке кәсіпкер болып тіркеліп, қажетті төлемге жол ашады. Бұл – заң бұзушылық емес, бірақ өкінішке қарай, жүйенің осалдығын көрсетеді.

Қанша ақша төленеді?

 

Мысалы, болашақ ана 2025 жылдың 27 шілдесінде жарамсыздық парағын алды делік. Онда кейінгі 12 айдың орташа табысы есепке алынады – яғни 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың маусымына дейін. Егер оның жалақысы 200 мың теңге болса, 10% зейнетақы жарнасын алып тастағанда 180 000 теңге қалады. Бұл сома декреттік демалыс күндеріне (мысалы, 126 күн) көбейтіледі. Шамамен 680 400 теңге көлемінде бір реттік төлем шығады.

Жөргекпұл – баршаға бірдей

Сарапшының сөзінше, екіншісі, бала туған кездегі бір реттік төлем, халық арасында «жөргекпұл» деп те аталады. Табысы бар-жоғына қара­мастан барлық босанған әйелдерге төле­неді. Оның мөлшері баланың нешінші екеніне байланысты, айлық есептік көр­сет­кіш (2025 жылы 1 АЕК – 3 932 теңге) арқылы есептеледі. Егер бұл сіздің бірінші, екінші немесе үшінші балаңыз болса 38 АЕК, яғни 149 416 теңге аласыз. Ал төртінші немесе одан көп баланы дүниеге әкелсеңіз 63 АЕК, яғни, 247 716 теңге беріледі.

Үшінші төлем – ай сайынғы жәрдемақы

Айтуынша, үшінші түрі – бала күтіміне байла­ныс­ты ай сайынғы төлем. Бұл жәрдем­ақыны баланың анасы, әкесі немесе ресми түрде асырап алушы ала алады. Бірақ екеуі қатар ала алмайды, тек бір адамға ғана рәсімделеді. Егер жәрдемақыны үй шаруасындағы ана (немесе әке) алатын болса, онда ол баланың реттік санына қарай есептеледі. Мысалы, бірінші балаға – 22 648 теңге, екіншісіне – 26 777 теңге, үшіншісіне – 30 866 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 34 995 теңге ай сайын төленеді.

– Егер бала күтіміне шыққан ата-ана ресми жұмыс істеп, табысынан айырылса, онда мемлекет оған табысының 40%-ы­­ көлемінде төлем жасайды. Мыса­лы, орташа жалақысы 180 000 теңге болса, соның 40%-ы 72 000 теңге түседі. Бұл сомадан 10% зейнетақы жарнасы ұсталып, ата-ана 64 800 теңге алады. Ақша бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленіп отырады. Алайда жүйенің өз шектеулері бар. Декреттік төлемнің ең төменгі және ең жоғарғы шегі бар. Мысалы, сіздің жалақыңыз 1 млн теңге болса да, бәрібір төлем белгілі бір шекпен есептеледі. Ал жалақыңыз тым төмен болса да, мемлекет ең төменгі шекке сай мөлшерде есептеп береді. Мәселен, кей ананың жалақысы 30 мың теңге болғанына қарамастан, оған мемлекет шамамен 85 мың теңгемен есеп жүргізеді, – деп түсіндірді маман.

«Байлар заңды айналып өтіп, кедейлерге қарағанда көбірек алады»

Қазір жүйе көп сұрақ тудырып отыр. Кімге, не үшін, қанша төлем төленетіні түсініксіз. Бір қоғамда заңды білетін, ептілер көбірек пайда көреді. Ал қарапайым аналар – шетте. Бұл жағдай өзгере ме? Әзірге белгісіз.

– Менің көзқарасым бойынша, біздегі жүйені түбегейлі өзгерту керек. Төлемдер тек ресми табысқа емес, барлық анаға тең мөлшерде тағайындалуға тиіс. Қазір байқағанымыз, заңды ептілікпен айналып өтетіндер көбірек алады. Ал шын мұқтаж, бірақ заңнан аттамайтын, не болмаса тіркелмеген жұмыс істейтін аналар ештеңе алмай қалып отыр. Осылайша, бір қоғамда екі түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан аналарды көреміз. Бұл – әділетсіздік, – дейді Балжан.

Шынында, кейбір аналар тіпті жалған кәсіпкерлік ашып, декретке шыққанын дәлелдеп, жәрдемақы алып жүр. Бірақ бұл әрекеті үшін кейін сот алдында жауап беріп, алған ақшасын қайтарып, кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.

– Мұндай жағдайлар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл ережелер 2005 жылы қабылданған. Енді, міне 2025 жыл. Жаңа көзқарас керек. Қоғамдық қорға ортақ және тең есептейтін формула енгізілсе екен деймін. Әр ана мен әр бала лайықты қолдауға, бірдей жәрдемақыға ие болуға тиіс. Өйткені олардың бәрі – ел болашағы. Осы тұста қызық бір жағдайды айтайын. Ірі екі банк бірігіп, бірқатар қызметкерлерді қысқартуға ұшыратқан кезде, баласы 3 жасқа толмаған бір әке декреттік демалысқа шығу арқылы өз жұмыс орнын сақтап қалған. Бұл – заңда көрсетілген құқық. Яғни балаңыз 3 жасқа толмаған болса, сіз (ата-ана ретінде) декреттік демалысқа шығып, жұмысыңыздан қысқартылудан заң­мен қорғала аласыз. Бұны көбі біле бермейді. Айтпақшы, уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы берілген күннен бастап 1 жыл, ал баланың туу туралы куәлігі 1,5 жыл ішінде ғана жарамды. Бұл мерзімдер өтіп кетсе, ешқандай төлем тағайындалмайды. Сондық­тан құжат­тарды дер кезінде тапсыру маңызды. Бір айтқанда барлық қырын қамтып шығу мүмкін емес. Бірақ басты мәселе – жүйенің өзектілігі мен әділдігі туралы ойланатын уақыт келді. Ананың да, баланың да жағдайы – тек отбасының емес, мемлекеттің де жауапкершілігі, – деп күйініп отыр маман.

Барлық жаңалық