Қоғам

«Не мақсатпен барды? Пана іздеп барды ма?»: Депутат Путинмен кездескен Назарбаевты сынап тастады

«Не мақсатпен барды? Пана іздеп барды ма?»: Депутат Путинмен кездескен Назарбаевты сынап тастады

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуі қоғамда жағымсыз пікір тудырғанын айтты, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.

 

Депутаттың сөзінше, экс-президенттің Кремльге сапары әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшіліктің наразылығын туғызған. Ол қоғам тарапынан бұл кездесуге оң көзқарас байқалмайтынын атап өтті.

 

«Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльге барып, Путинмен жүздесуі қызу пікірталасқа айналды. Әлеуметтік желілердегі жазбаларды көріп отырмыз бірде-бір жағымды пікір жоқ. Қазіргі геосаяси жағдайды бәріміз түсінеміз. Назарбаев та қоғамдағы көңіл күйді жақсы біледі деп ойлаймын», — деді Мақсат Толықбай.

 

Сонымен қатар депутат бұл сапардың нақты себептері көп сұрақ тудыратынын жеткізді. Оның айтуынша, Назарбаевтың Қазақстан ішінде көрінбей, жыл соңына қарай Ресейде бой көрсетуі үйреншікті құбылысқа айналған.

 

«Ол не мақсатпен барды? Өзіне саяси немесе жеке қауіпсіздік кепілдігін іздеді ме? Әлде қаржылық активтерін қорғау мәселесі ме? Ең қызығы біз жыл бойы оны ел ішінде ешбір шарадан көрмейміз. Ал жыл соңында Кремльде отырғанын байқаймыз. Бұл бір рет емес, бірнеше жыл қатарынан қайталанып келеді», — деді ол.

 

Мақсат Толықбай мұндай әрекеттер қоғам тарапынан көбіне жеке мүдде тұрғысынан ғана бағаланатынын айтты.

 

«Бұл қоғамдық пікірді елемеу ме, әлде “маған бәрібір” деген ұстаным ба? Немесе билікте ұзақ болған адамның шынайы жағдайдан алыстап кетуі ме? Бәлкім, өзін әлі де ықпалды тұлға ретінде сезіну шығар. Алайда бұл сигналдардың ешқайсысы қоғамда қолдау таппайды. Сондықтан Назарбаевтың Ресейге сапары автоматты түрде жеке мүдде ретінде қабылданады. Оның елдік мәселемен барғанына сенетіндер жоқ», — деп түйіндеді депутат.

Барлық жаңалық