Танымал блогер әрі актер Бекзат Елеусізов, әлеуметтік желіде BekaEasy атымен танымал, Алматыдағы мейрамханалардың бірінде официантпен дөрекі сөйлескені үшін кешірім сұрады,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін әлеуметтік желіде блогердің жас официантпен дөрекі сөйлескен сәті түсірілген бейнежазба тараған болатын.
Жаңа видеосында Елеусізов өз әрекетінің дұрыс болмағанын мойындап, мекеме қызметкерінен және оқиғаны видеоға түсірген қыздан кешірім сұрады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін полицияға жеткізіліп, балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылған. Блогер салынған айыппұлды төлегенін де айтты.
Елеусізов өз әрекетін «өте жағымсыз, нағыз бассыздық» деп бағалап, официантпен жеке сөйлесіп, одан кешірім сұрауға тырысқанын жеткізді.
Ол бірнеше күн бойы үнсіз қалғанын жағдайдан қашу үшін емес, болған оқиғадан кейін өзін қолға алып, официанттың байланысын іздеп, жеке кешірім сұрауға мүмкіндік іздегенін түсіндірді. Соңғы 11 айда ол мұңын ішімдікпен басқан. Себебі анасынан айырылған.