Жаңалықтар

Мектепке салынған айыппұлды мұғалімдер төлейді – Асхат Аймағамбетов

Қазақстанда білім беру жүйесінде жаңа даулы мәселе қоғам назарын аударды. Жақында Qasqa Jol YouTube арнасында жарияланған бейнематериалда мектепке салынған айыппұлдардың қарапайым мұғалімдердің қалтасынан өндірілетіні жайлы Асхат Аймағамбетов атап өткен болатын. Бұл жағдай ұстаздар қауымының ашу-ызасын туғызып, әділдікке деген сұрақтарды көбейтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

 

Мектептерге айыппұлдар негізінен санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуына, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына, оқушылардың тамақтануына қатысты кемшіліктерге немесе басқа да әкімшілік тәртіпсіздіктерге байланысты салынады. Құқықтық нормаларға сәйкес, мұндай айыппұлдар білім беру мекемесінің атына рәсімделіп, оның бюджеті арқылы төленуі тиіс. Алайда көптеген жағдайда шығын қарапайым мұғалімдердің қалтасына салынатыны белгілі болды.

 

Педагогтар өз кезегінде мұндай тәжірибені әділетсіз деп санайды. Олардың айтуынша, жалақы мөлшері онсыз да төмен, оған қоса айыппұл төлеу – мұғалімдерді әлеуметтік қиын жағдайға қалдырады. Кейбір ұстаздар ай сайынғы табысының едәуір бөлігін айыппұлға беруге мәжбүр екенін жасырмайды.

 

Білім саласындағы сарапшылар да бұл тәжірибені заңға қайшы деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, айыппұл мекеме бюджеті арқылы өтелуі тиіс, ал педагогтардың міндеті тек өздерінің тікелей қызметін орындаумен шектеледі. Мұғалімдердің мойнына қосымша қаржылық жауапкершілік жүктеу – олардың еңбек құқығын өрескел бұзу.

 

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ата-аналар мен қоғам белсенділерінің де назарын аударды. Көпшілік «ұстаздарды жазалау арқылы білім сапасын арттыру мүмкін емес» деген пікірде. Қоғамда бұл мәселені тез арада шешу және мұғалімдердің құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылуда.

Барлық жаңалық