Үлкен Нарын ауылындағы орта мектепте тағы да шу шықты.Ата-аналардың айтуынша, мектеп асханасында балаларға берілген тамақтан құрт табылған. Бұл оқиға туралы ozgeris.info сайты F16.kz сайтына сілтемемен.
Оқушылар сорпаның ішінен шыққан құртты суретке түсіріп, ата-аналарына жіберген. Ата-аналар мұндай жағдайдың алғаш рет болмағанын айтып отыр. Бұған дейін де тағамнан белгісіз заттар табылғанда, асхана қызметкерлері оны “дәмдеуіш” деп ақталған.
“Балалардың да, біздердің де қолымызда нақты дәлел болмағандықтан, шара қолдана алмадық. Ал бұл жолы фотодәлел бар. Енді тиісті қадам жасалса екен дейміз”, – дейді ата-аналар.
Бұл оқиғаға облыстық қоғамдық кеңес те назар аудартты. Кеңес мүшесі Аяужан Әшімова мектеп асханаларындағы тағам сапасын жан-жақты тексеруді ұсынды.
“Балаларымыз дүкеннің зиянды тағамдарын жемей, асханада ыстық тамақпен тамақтансын деп талап қоямыз. Бірақ сол ыстық тамақтың сапасы осындай болса, оған қалай сенеміз? Кәсіпкер бола тұра, адам неге жауапкершілік сезінбейді? Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жоспардан тыс тексерістер тоқтатылған еді. Алайда соның салдары осылай көрініп отыр. Тамақтан құрт шығуы – бұл кәсіпкердің жұмысындағы жүйелі кемшілікті көрсетеді. Сондықтан облыстық та, аудандық та кеңестер мәселені жіті бақылап, асханалардағы жағдайды тексерсін деп шақырамын”, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.