Спорт

Мейірім Нұрсұлтановтың титулдық жекпе-жегіне жол ашылды: Карлос Адамес жаңа лигада жұдырықтасады

Мейірім Нұрсұлтановтың титулдық жекпе-жегіне жол ашылды: Карлос Адамес жаңа лигада жұдырықтасады

WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес 14 қарашада Zuffa Boxing лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Доминикандық боксшының қарсыласы Уэльс өкілі Джером Уорбертон болады. Бұл туралы журналист Дэн Рафаэль мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

32 жастағы Адамес (25-1-1, 18 KO) мен Уорбертон (18-2-2, 2 KO) арасындағы кездесу Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ. Алайда бұл айқас орта салмақтың белгіленген 160 фунттық (72,6 келі) шегінен жоғары салмақта ұйымдастырылады және әлем чемпионы атағы сарапқа салынбайды.

Айта кетейік, Карлос Адамес бұған дейін қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізуі керек болған. Жеңіліп көрмеген Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге міндетті үміткер саналады.
Алайда Адамес Zuffa Boxing лигасымен келісімшартқа отырып, WBC ұйымынан титулды қорғау мерзімін кейінге шегеруді сұраған. Ұйым бұл өтінішті қарастырып, чемпионға келесі жекпе-жегінен кейін Нұрсұлтановпен кездесуге міндеттеме жүктеді.
WBC шешіміне сәйкес, Адамес Уорбертонды жеңсе, келесі қарсыласы Мейірім Нұрсұлтанов болуы тиіс. Ал доминикандық боксшы күтпеген жерден жеңіліп қалса, оның чемпиондық белбеуі бос деп жарияланады.

Осылайша, 14 қарашадағы жекпе-жек Адамес үшін жаңа лигадағы дебют қана емес, чемпиондық тағдырына да әсер ететін маңызды сынақ болмақ. Ал Мейірім Нұрсұлтановтың әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасу мүмкіндігі осы айқастың нәтижесіне тікелей байланысты.

Барлық жаңалық