Сенат Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған түзетулерді мақұлдады деп жазады Оzgeris.info.
Енді ҚК-ке жаңа 380-3-бап енгізіліп, дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік едәуір күшейтіледі.Жаңа нормаға сәйкес, медицина қызметкеріне қоқан-лоққы көрсету екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза үш жылға дейін ұлғаяды.
Күш қолданбай жасалған құқықбұзушылық үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, ал ауырлататын жағдайларда жаза жеті жылға дейін жетуі мүмкін.
Ал денсаулық пен өмірге қауіпті күш қолдану бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге соттауға әкеп соғады. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза 12 жылға дейін күшейтіледі.
Сонымен қатар, заң аясында құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстарды тергеу кезіндегі өкілеттіктері де кеңейтіледі.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бір жылда дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты 70-тен астам шабуыл тіркелген. Ал 2019 жылдан бері медицина қызметкерлеріне қарсы жасалған құқықбұзушылықтардың жалпы саны 280-нен асып кеткен.