Жаңалықтар

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпараттар теріске шығарылды

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпараттар теріске шығарылды

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұған дейін Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаның белсенді ақпараттық манипуляциялардың нысанына айналғанын ескерткен болатын, деп хабарлайды Ozgeris.info.  

Мемлекет қабылданып жатқан барлық шаралар туралы әлеуметтік желілерде жедел әрі толық ақпарат беріп отырғанына қарамастан, желіде Маңғыстаудағы оқиғаға қатысы жоқ архивтік бейнематериалдар таратылып, жасанды интеллект көмегімен әзірленген контент жариялануда. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қаза болуы мен олардың жақындарының қайғысын пайдаланып, түрлі болжамдар мен алып-қашпа пікірлер таратылып жатыр.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлағандай, координация белгілері байқалатын, оның ішінде анонимді аккаунттардан тарайтын хабарламаларды тіркеуді жалғастырып жатқанын хабарлады.

Әсіресе жақында ғана құрылған анонимді парақшалардың белсенділігі байқалады. Олар іс жүзінде бірден қайғылы оқиға тақырыбын таратуға кірісіп, жаңа талқылау тармақтарын ашып, қауесеттерді көбейтіп, болжамдарды көпшілікке белгілі «фактілер» ретінде ұсынуда.

Орталық жалған ақпаратқа қатысты бірнеше мысал келтірді.

«Қаза болғандардың нақты саны жасырылып отыр» деген ақпарат – жалған.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ресми деректер нақтыланып отырды. Кейін қорытынды ақпарат жарияланды: 14 әскери қызметші қаза тапты. Қорғаныс министрлігі олардың аты-жөндерін де жариялады.

«Әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды» деген ақпарат – жалған.

Жарияланған тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілердің катерді пайдалана отырып тапсырма орындағаны анықталған. Оқу-жаттығуды ұйымдастыру мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың әрекеттері тергеу барысында анықталып жатыр.

«Тікелей командир мас күйінде болған» деген ақпарат – жалған.

Орталық бұл мәлімдемені цинизм мен адамгершілікке жатпайтын сипаттағы ақпарат деп бағалады. Әңгіме әскери қызметшілерімен бірге қаза тапқан командир туралы болып отыр. Оның алкогольдік масаң күйде болғанын растайтын қандай да бір дерек жоқ. Бұл – қайғылы оқиғаға қатысты спекуляция және қаза болған адамның отбасына түсетін қосымша ауыртпалық.

Ойын-сауық музыкасы қойылған, қайтыс болған адамның денесін тасымалдау бейнеленген ескі видео қаза тапқан әскери қызметшінің денесін тасымалдау ретінде таратылған.

Бейнематериалды талдау барысында автомобиль бейнеленген роликтің интернетте қайғылы оқиғаға дейін, тамыз айында жарияланғаны анықталған. Яғни ескі бейнежазбаға қоғамдық наразылық тудыру мақсатында жаңа эмоционалдық контекст берілген.

Каспий теңізінің жағалауында қаралы күндері түсірілген әсерлі қойылым сипатындағы видео – Маңғыстауда түсірілмеген.

Ашулы жазбалармен бірге тараған бұл роликті көптеген қолданушы Маңғыстауда түсірілген бейне деп қабылдаған. Алайда видео Танжер қаласында, Мароккода түсірілген. Автордың айтуынша, бейнематериал кездейсоқ Қазақстанның әлеуметтік желілер сегментіне тарап кеткен және ол Қазақстандағы оқиғалардан хабардар болмаған.

«Мемлекет ешқандай тергеу жүргізіп жатқан жоқ» деген ақпарат та шындыққа сәйкес келмейді.

Іздестіру-құтқару операциясы қаза болған соңғы әскери қызметшінің денесі табылғанға дейін жалғасты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның мән-жайларын тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия дереу құрылды. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі жеке комиссия да құрылды. Комиссия жеті күн ішінде жұмысты ұйымдастыруға, әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне баға беруі тиіс.

Орталықтың мәліметінше, аталған фейктердің барлығына ортақ бір нәрсе бар: мұндай талқылаулар көптеген қолданушыны өз ақпараттық ағынына тартады. Олардың бір бөлігі вброс деп танылған ақпараттарды талқылауға және таратуға қосылып, қоғамға қосымша зиян келтіретін әрі қаза болғандардың отбасыларына ауыр тиетін ақпараттық толқынды өздері де байқамай күшейтеді.

«Маңызды: көрінеу жалған ақпарат тарату – бұл жай ғана пікір де, зиянсыз интернет-нұсқа да емес», – деп атап өтті орталық.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Мұндай ақпарат онлайн-платформаларды пайдалана отырып таратылған жағдайда, жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеуі мүмкін.

Барлық жаңалық