Маңғыстау ауданында ауа райының қолайсыздығынан 100-ден аса мал қырылып, арнайы комиссия шығын көлемін есептеуге кірісті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Сәуірдің 14-і мен 15-і күндері Сайөтес ауылында қатты жел соғып, нөсер жаңбыр жауды. Дауыл бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкеткен. Ал аудан орталығынан 120-150 шақырым жердегі Сайөтес пен 7-бекет аралығындағы теміржол бойынан өлген жылқылар табылды. Мал дауыл кезінде ығып, ауылдан 60-80 шақырымға дейін ұзап кеткен. Адасқан жануарлар батпақты аумаққа қамалып қырылған.
Әзірге 100-ден аса жылқының өлексесі табылды. Шаруалар малын толық түгендей алмай жатқандықтан, шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр. Жоғалған малды іздеуге дрондар мен Бейнеу ауданынан арнайы жол талғамайтын көлік алдырылды. Облыс әкімінің орынбасары жедел штаб құрып, өңірдегі мұнай-газ компанияларынан техникалық көмек сұрады. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы оқиға орнында жүр. Ол тұрғындармен кездесіп, жұмысты тікелей өзі үйлестіруде.
Шығынды өтеу мәселесі заң аясында қаралады. Бірақ өтемақы алу үшін мал арнайы базада тіркелген болуы шарт. Бұл мәселемен төтенше жағдайлар мен ауыл шаруашылығы мамандары айналысады.
«Апат салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылды. Ірі мекемелердің техникасы мен құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Қазір су сору және қалпына келтіру ісі күшейтілген режимде жалғасуда», – деп хабарлады аудан әкімдігі.