Lucid Air бір зарядпен 1205 шақырым жүріп, электромобильдер арасында әлемдік рекорд орнатты, деп жазады Ozgeris.info.
Тарихи сынақ Еуропадағы ауқымды автожорық кезінде өткен. Бағыт Швейцарияның Сен-Мориц қаласынан басталып, Германияның Мюнхен қаласында аяқталған. Көлік түрлі ландшафтармен ирелеңді Альпі асуларынан бастап, жоғары жылдамдықты автобандарға дейінгі аралықты тоқтамай жүріп өткен.
Lucid Air-дің бұл сапары нақты жол жағдайында электромобильдің мүмкіндігін жан-жақты тексеруге мүмкіндік берді. Тестілеу барысында көлік 960 шақырым деп көрсетілген ресми жүріс қашықтығынан 250 шақырым артық жол жүрген.
Рекордтық сапарға шыққан Lucid Air Grand Touring моделі 110 кВт·сағ-тан асатын қуатты батареямен жабдықталған. Оның электрқозғалтқышының күші 831 ат күшіне тең. Бұл модельдің Еуропадағы бастапқы бағасы 132,9 мың еуро (шамамен 80,9 миллион теңге).
Lucid Air компаниясы электромобиль технологиясында Tesla-ның басты бәсекелестерінің бірі ретінде танылып келеді. Олар автокөлік индустриясында энергия тиімділігі мен жоғары өнімділік стандарттарын көтеруге үлес қосып отыр.