Елімізде жаңа саяси маусым басталды. Оның басталуы да, жалғасуы да қарқынды әрі мазмұнды болатыны анық. Депутаттар да мектеп оқушылары сияқты демалыстан оралды. Олар сегізінші шақырылымның төртінші сессиясын ашты. Отырыстың өзі өте қысқа болды, небәрі төрт минутқа жетпей, депутаттар мен шенеуніктер Әнұранды орындап, жаңа саяси маусымға ресми түрде бастау берді. Ал 8 қыркүйекте Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдағы әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарын айқындайтын болады. Сонымен, бұл маусымда қандай бастамалар көтеріледі, қоғамды қандай заңдар күтеді? Қабылданатын заңдар халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Парламенттің VIII шақырылымдағы төртінші сессиясы өз жұмысын бастап отыр. Халық қалаулылары бірқатар жаңа заң жобаларын қарауға кіріседі. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні дамытуды Мемлекет басшысы тапсырған. Себебі ол жемқорлықпен күресудің басты жолы. Одан бөлек, еңбек құқықтарын қорғау, ұұрылыс саласын реформалау, және экологиялық мәселелерді шешу сұрақтары да бар. Туризмді өркендету, газдандыру, энергия үнемдеу, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағыттары да күн тәртібінде тұр.
Депутаттарды алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Пленарлық отырыстар, комитеттердің мәжілістері және депутаттық сауалдар. Дегенмен, дайындық жаздан басталып кеткен еді. Депутаттар өңірлерге шығып, тұрғындармен жүздесті. Алдағы айларда білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерге, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесіне баса назар аударылмақ.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, халық ең көп қозғаған мәселелердің ішінде міндетті медициналық сақтандыру, мектептердегі орын тапшылығы және жалақы деңгейі болып отыр.
«Әлемде қолданылып жатқан мықты препараттар біздің елге де келуі керек. Міне, осы сияқты маңызды бастамалар бар», - деді ол.
Ермұрат Бапи жаз айында бірнеше обылстарды аралағанын жеткізді. Айтуынша, әр өңірдің өзіндік проблемалары бар. Мысалы, Зайсанда газ мәселесі, ал Қатон-Қарағайда әлі күнге дейін жол мәселесі шешілмеген.
Ал Айдос Сырым қазақстандықтарды ең алдымен бағалар, тарифтер, жұмыс орындары және қалалардағы өмір сапасы алаңдататынын атап өтті.
Мысалы, Алматыдағы электросамокаттарды реттеу мәселесі. Енді оларды пайдалану мен қою тәртібі қатаң бақылауға алынып, әр самокатқа сәйкестендіру нөмірі беріледі. Жылдамдықты шектеу, бейнебақылау арқылы қадағалау және жалға берушілер мен пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру да заңнамалық тұрғыда бекітілмек. Көптеген тұрғындар оларды мүлде тыйым салуды талап етуде.
Заң шығару жұмысының басымдықтары
Жаңа маусымда депутаттар құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер және банк қызметі туралы заңдармен қатар, Құрылыс кодексін қарастыруға тиіс.
«Құрылыс нормалары күшейтіледі, әсіресе заңсыз салынған ғимараттар мен сай-салаларды, өзен арналарының көмілуін тоқтатуға қатысты. Бұған балама жоқ», — деді депутат Бақытжан Базарбек.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, кітапхана ісі және кооперативтер туралы заң жобалары әзірленіп жатыр.
«Жыл соңына дейін осы үш заң жобасын аяқтап, жаңа жылдан кейін қалғандарына кірісеміз», — деді халық қалаулылары.
Сауалдар мен өзекті мәселелер
Күн тәртібінде ондаған депутаттық сауал бар. Олардың көпшілігі өңірлердегі кездесулер барысында анықталған проблемаларға негізделген.
«Бізге түскен өтініштерге де, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге де жедел әрекет етеміз. Қандай мәселе туындаса да, назардан тыс қалдырмаймыз», — деп атап өтті Мәжіліс депутаттары.
Жалпы тақырыптардың ішінде білім беру мен денсаулық сақтау ерекше назарда болады. Есеп комитеті депутаттардың Білім беру және Ғылым министрліктерінің жұмысына қатысты ескертулерін растады. Ал денсаулық сақтау саласында қант диабетімен ауыратын науқастарды қамтамасыз ету, халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі және фармацевтика өнеркәсібін қолдау сияқты түйткілдер шешімін күтіп тұр.
Әлеуметтік күн тәртібі
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау — парламент жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Депутаттар кемсітушілікке қарсы жеке заң қабылдау қажеттігін және құқықтық кепілдіктерді күшейтуді айтады. Қазірдің өзінде 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты — қолжетімді орта құру, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды білім берумен және жұмыспен қамтумен қамтамасыз ету, сондай-ақ заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту.
Әдетте жаңа саяси маусым Президент Жолдауынан басталады. Биыл ол сәл кешірек — 8 қыркүйекте жарияланады. Мемлекет басшысы әлеуметтік және экономикалық саясаттағы негізгі басымдықтарды айқындап береді. Алдағы сессияға үміт зор. Халық депутаттардан тек даулы әрі айғайлы бастамаларды емес, сапалы да нәтижелі жұмысты күтеді.