Қоғам

Күзде картоп арзандауы мүмкін...

Картоп бағасы күзге қарай төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл елде картоп егілетін алқаптар алдын ала қауіпсіздік шарасы ретінде 20 мың гектарға ұлғайтылған, деп жазады Ozgeris.info.

Министрдің сөзіне сенсек, бұл қадам күзде нарықты тұрақтандыруға әрі тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Картоп бағасы көтерілді, фермерлер қалайша шығынға ұшырайды? Ешқандай шығын жоқ. Картоптың өзіндік құны – 90 теңге. Біз оны 400 теңгеге дейін саттық. Егер фермер шығынға баттым десе, демек, ол технология сақтамай жұмыс істейді», деді Сапаров.

Министрдің бұл мәлімдемесі  фермерлерге бағытталған ескерту ғана емес, бүкіл ауыл шаруашылығы саласына қойылған талап тәрізді. Себебі кейінгі жылдары көкөніс бағасындағы тұрақсыздық халықтың наразылығын да, нарықтың сенімсіздігін де арттырған.

Сапаров фермерлерге қолдау көрсетуге дайын екенін де жеткізді:

«Мүмкін, біз оған көмектесейік? Сапалы тұқым тауып берейік, техника бар, 5%-бен несие бар». Бұл мемлекет тарапынан «ақшаны ғана емес, тәртіпті де талап етеміз» деген қатаңдау ұстанымның белгісі».

Алайда нарықтағы баға тек егістік көлемімен ғана емес, логистикамен, сақтау жүйесімен, алыпсатарлықпен де тығыз байланысты. Күзде баға шын мәнінде төмендей ме, әлде жылдағыдай арадағы делдалдар есебінен тағы да шарықтап кете ме,  бұл енді жүйелік шешімдер мен нақты бақылаудың қолында.

Барлық жаңалық