Қарағандыда 28 жастағы Динара Мынбаеваның туыстары оның өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тергеуді талап етті. Екі баланың анасы 2025 жылғы 3 шілдеде күйеуімен бірге тұрған пәтерден өлі табылған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға суицид ретінде сараланып, кейін қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға сенбейтінін мәлімдеді. Туыстары Динараның өліміне қатысты күмәнін қайғылы оқиғадан кейін де айтқан болатын. Бұл туралы 2025 жылғы шілдеде Ulysmedia жазған.
Динараның әпкесінің айтуынша, қайғылы жағдайдан бір күн бұрын ерлі-зайыпты арасында жанжал болған. Қыз күйеуінің қол көтергенін айтып, полиция шақырған көрінеді. Алайда туыстары оқиға орнына келген тәртіп сақшылары оны арызда тек сөзбен қорлау фактісін көрсетуге көндіргенін мәлімдеді.
Сол түні Динара анасына хабарласып, күйеуінің өзін ұрып-соғып, тұншықтырғанын айтқан. Ол анасынан балаларымен бірге алып кетуін сұраған. Анасы Шымкенттен Қарағандыға баруға дайындалғанымен, осы әңгімеден кейін Динара байланысқа шықпай қалған.
Марқұмның жақындары оның денесінен көгерген іздер байқағанын, ал қайғылы оқиғадан кейін пәтердегі кілемнің жоғалып кеткенін алға тартып отыр. Осыған байланысты олар Динара қасақана өлтіріліп, оқиға суицид ретінде көрсетілуі мүмкін деп күдіктенеді. Дегенмен бұл – туыстарының болжамы, ол ресми тергеу қорытындысымен расталған жоқ.
Отбасы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен қылмыстық істі қайта қарап, Динараның шақыртуына барған полиция қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізуді талап етті.
Марқұмның артында үш және бір жарым жастағы екі ұлы қалды. Құқық қорғау органдарының туыстардың жаңа үндеуіне қатысты ресми жауабы әзірге жарияланған жоқ.