Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматы қаласындағы сот сараптамалары институтына жіберілді, деп жазады Ozgeris.info сайты.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке де қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қорытындысы әзірге шықпады.
– Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу сатысында Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, тағайындалған сараптамалардың қорытындысы алынғаннан кейін беріледі, - деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды.