2026 жылы өтетін Көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақ көкпары алынып тасталды. Бұл туралы Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі мәлімдеді. Ойындар аясында тек көкбөрі сайысы өтеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Orda.kz порталына сілтеме жасап.
Аталған шешімге байланысты Қазақстан Көкпар федерациясы өз наразылығын білдірді. Федерацияның атқарушы директоры Ғани Дүйшенов бұл әрекетті әділетсіздік деп атап, шешімнің біржақты қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, Көшпенділер ойындары Халықаралық этноспорт конфедерациясының қатысуымен өтетініне қарамастан, ұйым бұл өзгерістерден хабарсыз болған.
«Біз – яғни Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен көкпар федерациясы – бұл шешім туралы ешқандай ресми құжат немесе хабарлама алған жоқпыз. Мұндай өзгеріспен келіспейміз. Қырғызстан тарапымен әзірге ресми байланыс орнатылған жоқ. Бұл мәселеге қатысты алғашқы қадамдарды министрлік атқарады», — деді Ғани Дүйшенов.
Ойын бағдарламасынан қазақ көкпарының шеттетілгені екі ел арасында этноспорт саласындағы пікір қайшылығын тудыруы мүмкін. Көкпар — түркі халықтарының ортақ мұрасы саналатын спорт түрі.