✅ Пайдалы

Коронавирус сияқты қауіпті емес: Алматылық эпидемиологтар хантавирус туралы айтты

Коронавирус сияқты қауіпті емес: Алматылық эпидемиологтар хантавирус туралы айтты

Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) соңғы уақытта әлемдік деңгейде талқыланып жатқан хантавирусқа қатысты мәлімдеме жасады. Мамандар қаланың кез келген эпидемиологиялық жағдайға дайын екенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оңтүстік астанада хантавирус инфекциясының пайда болуы мүмкіндігіне толық дайын екенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, бұл инфекция жаңа емес және оның таралу қаупі коронавирусқа қарағанда әлдеқайда төмен.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері хабарлағандай, Алматы әуежайында қосымша шектеулер немесе күшейтілген санитарлық бақылау енгізу жоспарда жоқ. Қазірдің өзінде қалада күдікті жолаушыларды тексеруге қабілетті санитарлық-бақылау пункттері тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, қалалық инфекциялық ауруханалар мен изоляторлар кез келген жағдайға дайын күйге келтірілген.

«Хантавирус жаңа инфекциялар қатарына жатпайды. Оның түрлері көп болғанымен, халық арасында тез таралатындай коронавирус сияқты жұқпалы емес. Қажет болған жағдайда денсаулық сақтау жүйесі кез келген ошақты оқшаулауға дайын», — деді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

Санитарлық қызмет өкілдері жаз айларында Алматыда жіті инфекциялық аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу шаралары дәстүрлі түрде күшейтілетінін еске салды. Қазіргі уақытта су айдындарына мониторинг жүргізіліп, дәмханалар мен базарларды тексеру жұмыстары Кәсіпкерлік кодекс аясында жалғасуда.

Мамандар хантавирусқа қарсы вакцинаның әлі де әзірленіп жатқанын, бірақ Денсаулық сақтау басқармасы емдеу протоколдарын алдын ала талқылап қойғанын атап өтті.

Хантавирус — негізінен кеміргіштер (тышқандар, егеуқұйрықтар) арқылы таралатын вирустар тобы. Адамға вирус кеміргіштердің қалдықтарымен (сілекейі, зәрі) ластанған ауаны жұтқанда немесе тікелей жанасқанда жұғуы мүмкін. Аурудың алдын алу үшін үй-жайларды таза ұстап, кеміргіштермен күресу маңызды.

Барлық жаңалық