Жаңалықтар

Кореяға барудың қажеті жоқ: Қазақстанда корей тілінен халықаралық емтихан тапсыратын жалғыз орталық ашылды

Кореяға барудың қажеті жоқ: Қазақстанда корей тілінен халықаралық емтихан тапсыратын жалғыз орталық ашылды

Корей тілін үйреніп жүрген қазақстандықтар үшін керемет жаңалық бар. Енді халықаралық деңгейде мойындалған арнайы сертификат алу үшін шетелге сабылудың қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің жанындағы Седжон королінің институты үлкен мәртебеге ие болды. Бұл білім ордасы корей тілінен "Sejong Korean Language Assessment" немесе қысқаша SKA емтиханын өткізетін ресми орталық болып бекітілді. Ол еліміздегі осындай алғашқы әрі жалғыз мекеме саналады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Седжон королі институтының қоры бүкіл әлем бойынша маңызды сынақты өткізуге бар-жоғы бес шетелдік орталықты іріктеп алған. Бұл тізімге Қазақстанмен қатар Индонезия, Қырғызстан, Вьетнам және Иран мемлекеттері кірді. Бүгінде Қостанайдағы білім ордасы корей мәдениеті мен тілін оқытатын белді мекемелердің бірі. Онда түрлі оқу бағдарламалары іске асырылып жатыр. Сонымен бірге мұнда халықаралық емтихандар, мәдени-ағарту шаралары мен қос мемлекеттің ынтымағын арттыратын ауқымды жобалар жиі ұйымдастырылады.

Бұл қадам екі ел арасындағы білім беру саласындағы байланысты дамытып академиялық ұтқырлықты арттырады. Гуманитарлық қарым-қатынас одан әрі бекемделе түспек. SKA емтиханы шетелдік азаматтардың тілді қаншалықты меңгергенін нақты бағалайды. Оның нәтижесін Корея Республикасының бірқатар университеттері шетелдік талапкерлерді оқуға қабылдау кезінде жарамды құжат ретінде таниды. Келешекте сертификаттың қолданылу аясы кеңейіп білім беру мен академиялық ортада ғана емес кәсіби қызметте де үлкен сұранысқа ие болады. Жаңа орталықтың ашылуы мектеп оқушыларына, студенттерге, ұстаздарға және жалпы тіл үйренушілерге үлкен жеңілдік сыйлайды.

Сынақ бірнеше кезеңнен тұрады. Тыңдалым, оқылым және жазылымды қамтитын жазбаша бөлік 2026 жылдың 5 қыркүйегіне жоспарланған. Ауызша тапсырмалар 6 және 12 қыркүйек күндері өтеді. Нәтижелер 2026 жылдың 4 қарашасында ресми түрде жарияланады. Осы орайда айта кететін тағы бір қызықты ақпарат бар. Бұған дейін Қазақстанға келуші иммигранттар үшін қазақ тілінен арнайы онлайн-тест іске қосылған болатын.

Барлық жаңалық